Алаяқтардың алдауына түсіп, жалғыз баспанасынан айырылып қалу қаупінде тұрған ҚазҰУ профессоры, Кәкен Қамзиннің сатылып кеткен пәтерін қайтару үшін жүріп жатқан «жылу» жинау жұмыстары бір қайырымды азаматтың араласуымен тоқтатылды, — деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы профессордың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның айтуынша осы күнге дейін ел-жұрттан барлығы 9 529 836 теңге жиналған. Қалған қаражатты аты-жөнін атамауды өтінген бір қайырымды азамат қолма-қол әкеліп берген.
Ал енді ең күтпеген әрі жүректі елжіреткен сәт, бүгін бір қайырымды азамат (аты-жөнін айтпауды сұрады) жетпей тұрған үлкен соманың барлығын (23 млн теңге) қолма-қол әкеліп берді. Бұл тек қаржылай көмек қана емес, бұл — сенімнің, бірліктің, мейірімнің нағыз көрінісі. Ол азаматқа Алла разы болсын! Отбасына, өзіне тек жақсылық тілеймін! Ризашылығымды білдіремін!
Енді Алланың қалауымен сатып алушы отбасыға толық ақшасын табыстап, үйді өз атыма қайта рәсімдеуге кірісеміз,-деп жазды профессор.
Ол сондай-ақ басына қиындық түскен соңғы бір жарым ай ішінде түрлі жолдармен қолдау көрсетіп, жанашырлық танытқан барша азаматтарға алғыс білдірді.
Мен осы жолда көмек көрсеткен, тілектес болған баршаңызға шын жүректен алғыс айтамын! Біреу жылы сөзін аямады, біреу қаржы аударды, бір бауырым келіп сұхбат алды, біреу дұға жасады, бәрінің орны бөлек.
Бұл оқиға маған бір нәрсені анық дәлелдеді: қазақтың бауырмалдығы, бір-біріне деген жанашырлығы әлі де бар, жоғалған жоқ. Алла баршаңызға разы болсын! Шынайы құрметпен, Кәкен Қамзин,- делінген қарт ұстаздың сүйінші жазбасында.