Астанада заңсыз салынған тұрғын үй кешені бұзылды

Елорданың Қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы қалалық прокуратураның үйлестіруімен бірлесіп, елорда аумағында көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің өз бетінше салыну фактілерін анықтау бойынша жұмыс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды.

Қазіргі уақытта басқарма мен Нұра ауданының әкімдігі бірлесіп, «Mardan» тұрғын үй кешенінің (құрылысты жүргізуші – «Asyl-Nur Qurylys» ЖШС) құрылысы бойынша заң бұзушылықты анықтады. Тексеру нәтижесінде құрылыс-монтаж жұмысы Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңына сәйкес қажетті рұқсат құжаттарынсыз басталғаны белгілі болды.

Құрылыс салушыға қатысты әкімшілік шаралар қолданылып, анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді. Алайда бұл талап орындалмағандықтан, сот құрылыс салушыны өз бетінше салынған нысанды бұзуға міндеттеді. Заңды күшіне енген сот шешімін орындау аясында Астана қаласы әділет департаменті нысанды мәжбүрлеп бұзу жұмысын жүргізіп жатыр,-делінген дереккөз таратқан ақпаратта. 

Айта кетейік бұған дейін де  «Inter Stroy Astana» ЖШС салған «QURMANGAZY» тұрғын үй кешені де заңсыз салынғаны үшін бұзылған болатын.