«Есік» музей-қорығында мәдени-креативті жобалар таныстырылды

Алматы облысында орналасқан «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығында «Жібек жолы самалы» тақырыбында фотокөрме мен мәдени-креативті жобалар таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпаратық-сараптамалық порталы. 

Шара «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында өткен көрме ҚХР Мәдениет министрлігі, Сиань қаласындағы ИКОМОС  мәдени мұраны сақтау халықаралық орталығының қолдауымен ұйымдастырылды.
Ауқымды мәдени шараға Қытай мамандарымен қатар, Қазақстандағы ЮНЕСКО өкілдері, Алматы облыстық Мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мамандары, қытай-қазақ бірлескен археологиялық тобының мүшелері, халықаралық ұйымдардың сарапшылары мен ғалымдары қатысты.


Іс-шараны  «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира  Мұхтарова құттықтау сөз сөйлеп ашты.

Соңғы жылдары Қазақстан мен Қытай арасындағы байланыс тек экономикалық салада ғана емес, білім, мәдениет, туризм, ақпарат салаларында да кеңейіп келеді. Осындай байланыстардың нәтижесінде 2016 жылы «Бір белдеу, бір жол» халықаралық стратегиялық бағдарламасы аясында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайы мен Шэньси провинциясының археология институты (ҚХР) арасында Рахат қонысында бірлескен археологиялық зерттеулер жүргізу туралы келісімге қол қойылды. Нәтижесінде  тарихи-мәдени мұра ескерткіштерінде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілумен қатар, түрлі ғылыми монографиялар, альбом, ғылыми мақалалар жарық көріп, көрмелер ұйымдастырылды. 2024 жылдың 14 қазанында Сиань қаласындағы Солтүстік-Батыс университетінің «Жібек жолы археологиялық бірлескен зерттеу орталығының Есік филиалы» ашылды.

Бүгінгі көрме Жібек жолы мәдениетіне ерекше назар аудартып, Дүниежүзілік мұра нысандарының әртүрлі мәдени келбетін көрсетеді. Алдағы уақытта екі ел арасындағы мәдени-тарихи байланыс нәтижелі жалғасып, бұдан да үлкен жетістіктерге жетеміз деп сенеміз» – деп атап өтті музей басшысы. 

Фотокөрмені таныстырған Сиань мәдени мұраны сақтау халықаралық орталығының ескерткіштер бөлімінің директоры Ли Дан Дан:

    Екі мың жыл бұрын Қытай елшісі Чжан Цянь Батыс өңірге жол ашып, Шығыс пен Батыс өркениетін тоғыстырған диалог пен бейбітшіліктің алтын көпірін тұрғызды. Осылайша, ол екі мың жылдан астам уақыт бойы жалғасқан ұлы мәдени керуен жолының бастауына айналды. Жібек жолы – бұл тек Шығыс пен Батыс арасындағы экономикалық қарым -қатынастың алтын көпірі ғана емес, сонымен қатар өркениеттердің тоғысуына, идеялар мен рухани құндылықтардың алмасуына дәнекер болды. Жібек жолы – тарихтың үнсіз куәсі әрі адамзат өркениетінің асыл мұрасын ұрпақтан ұрпаққа жеткізген мәңгілік мұра» – деп ізгі ниетін білдірді.

Көрмеде Жібек жолы бойындағы тарихи байланыстардың даму жолдары, бай салт-дәстүрлер мен сан түрлі мәдени ғұрыптар паш етілді.
Сонымен қатар, екі тараптың өнерпаздары концерттік бағдарлама ұсынды. Қонақтар Қазақстан-Қытай бірлескен археологиялық қазба орны – Есік қорымында орналасқан №8 обадағы қазба жұмыстары барысымен танысты.

Сондай-ақ «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы мен ҚХР Шәнси провинциясының Сиань музейі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Артынан «Қытай – Орталық Азия» саммиті аясында ұйымдастырылған Халықаралық мәдени-креативті жобалар таныстырылымы шарасынан кейін Алматы қаласында «Жібек жолындағы мәдениет алмасу» тақырыбында ғылыми бас қосу өтті.

Бұл басқосуға «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығының директоры Гүлмира Мұхтарова, ҚХР Шэньси провинциясының археология институтының профессоры Дин Янь, «Есік» музей-қорықтың ғалым хатшысы Хамит Айтқұл, бөлім жетекшісі Жазира Құрбанәлі қатысты.