Киевтің Батыс одақтастары бұған дейін салынып келген шектеуді алып тастады,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Германия канцлері Фридрих Мерц WDR телерадиокомпаниясы ұйымдастырған форумда мәлімдеді. Оның айтуынша Украина енді Ресей аумағындағы әскери нысандарға шабуыл жасау арқылы өзін қорғай алады. Бұған дейін, көмек ретінде жеткізілген қару-жарақтың бір бөлігін қолдануға тыйым салынып келген.
Фридрих Мерцтің сөзіне сүйенсек, шектеу шараларын тек Германия ғана емес, Ұлыбритания мен Франция билігі де алып тастаған. Америка тарапынан да еш кедергі жоқ.
Ресей билігі мұндай өзгеріске бірден қарсы пікір білдірді. Путиннің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков бұның арты қауіпті салдарға әкелуі мүмкін екенін айтты. Ал, Мемлекеттік Думаның депутаты Виктор Водолацкий Украина қарулы күштеріне ұзақ қашықтықтағы зымырандар жеткізілсе, Ресей «басқа» қаруларды қолданатынын мәлімдеді.