Украинаның бағы жанбақ: АҚШ пен Украина минералдар туралы келісімге қол қойды

Ұзаққа созылған дау-дамайдан кейін Дональд Трамп діттегеніне жетті. Мәміле жайлы ақпаратпен Украинаның вице-премьері әрі Экономика министрі Юлия Свириденко бөлісті,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Ол өзінің әлеуметтік желісінде АҚШ-пен экономикалық әріптестік орнатқанын қуана хабарлады. Сондай-ақ, Украинаны қалпына келтіруге арналған инвестициялық қорды құруға жол ашылғанын мәлімдеді. Қор елді қалпына келтіруге, инфрақұрылымды жаңғыртуға, бизнесті қолдауға және экономиканы дамыту үшін инвестиция тартудың тиімді құралына айналуы тиіс.

Трамп үшін бұл келісімшарт аса маңызды. Ол Вашингтонның Украинаға көрсеткен әскери көмегі үшін өтемақы ретінде табиғи ресурстар мен пайдалы қазбаларға қол жеткізуді көздеп отыр.