ақпарат ағыны

Ақтөбеде екі студент суға кетіп қайтыс болды

Екеуі де медициналық университеттің төртінші курс студенттері. Бүгін оқу орнында марқұмдардың портреті қойылып, үш күнге қаралы күн жарияланды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы, inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап. 

М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті Жалпы медицина факультетінің 4-курс студенттері Елназ Жолан мен Рафхат Қайыржанов Қарғалы өзенінен шыға алмай қалған.  Бірінің денесін сүңгуірлер сол сәтте тауып алса, екіншісінің денесін бүгін таңғы 03:20-да өз туыстары тауып жағаға  шығарған.

«Красная поляна» бау-бақша ұжымында екі адамның суға кеткені бойынша ақпарат түсті. Сағат 13:58-де бірінші адамның денесін жедел құтқару жасағының құтқарушылары судан шығарды. Екінші адамды еріктілер судан (туыстары) түнгі сағат 03:20-да тапты. Қайтыс болған екі адамда 2003 жылы туған, – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Кейін екі жігіттің де студент екені анықталды. Бүгін М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті бас ғимаратқа екі студенттің фотосын қойып, үш күнді қаралы деп жариялады.

 Елназ Қасымханұлы Ырғыз ауданының, Рафхат Мұқатұлы Батыс Қазақстан облысының тумасы. Екеуі де оқу үлгерімдері жақсы, қоғамдық шараларға атсалысып жүрген белсенді де өнерлі студенттер еді. Өте өкінішті жағдай. Елназ бен Рафхаттың кенеттен қаза болуына байланысты ата-анасы, бауырлары мен ағайын-тумаларының және достарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз. Қайғылы жағдайға байланысты университетте үш күн қаралы деп жарияланды, – деп хабарлады жоғары оқу орнының баспасөз қызметі.