Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жаңа заңнамалық түзетулер тұрғын үйлерді міндетті түрде жаңғыртуды немесе коммуналдық тарифтерді көтеруді көздемейді. Бұл туралы 25 қарашада Құрылыс және өнеркәсіп вице-министрі Қуандық Қажкенов Құрылтайда өткен брифингте мәлімдеді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Вице-министрдің айтуынша, жаңа талаптар қолданыстағы тұрғын үйлерді міндетті түрде жаңғыртуға міндеттемейді. Үйлерді жөндеу, жылу оқшаулау және энергия тиімділігін арттыру жұмыстары туралы шешімді пәтер иелері өздері қабылдайды.
Осы мақсатта келесі жылдың республикалық бюджетінде арнайы қаражат қарастырылған. Қаржы жергілікті атқарушы органдарға жылдық 1 пайыздық мөлшерлемемен, жеті жыл мерзімге қайтарымды негізде беріледі.
Жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі тұрғындардың келісімімен және мүлік иелерінің бірлестігі жинақ шотындағы қаражатты ескере отырып шешіледі.
Сондай-ақ Қуандық Қажкенов заң жобасында коммуналдық тарифтерді көтеру қарастырылмағанын атап өтті. Оның сөзінше, су, электр энергиясы және жылу тарифтері Ұлттық экономика министрлігіне қарасты Табиғи монополияларды реттеу комитетінің құзыретіне жатады.
Ал жаңа заңнамалық талаптар негізінен жаңадан салынатын нысандарда энергия үнемдейтін технологияларды қолдануға бағытталған. Айта кетейік, бұған дейін Құрылтай депутаттары энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелерімен заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдаған болатын.
