Алматы қаласында полиция рейдінен кейін «Тот самый BHB» түнгі клубының жұмысы үш айға тоқтатылды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, Медеу ауданындағы аталған ойын-сауық орны бұған дейін де құқық қорғау органдарының назарына іліккен. Бұған заңда белгіленген талаптарды бірнеше рет бұзу себеп болған.
Аудан прокуратурасының үйлестіруімен жүргізілген тексеру нәтижесінде клубтың қызметі мәжбүрлі түрде тоқтатылып, ғимараты мөрленген. Келушілердің кіруіне тыйым салынды.
Айта кетейік, Алматыда ойын-сауық орындарына қатысты рейдтер жалғасып жатыр. Бұған дейін қаладағы «5 Жұлдыз» және ZION түнгі клубтарының жұмысы да үш айға тоқтатылған болатын.
