Қазақстанда әлеуметтік желілерде бал ашу, көріпкелдік және ғылыми тұрғыдан расталмаған өзге де қызметтерді жарнамалайтын контентке арнайы ескерту енгізу ұсынылды. Бұл туралы Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан мәлімдеді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желілерде «қарғыстан арылтамын», «жолыңызды ашып беремін», «болашағыңызды болжап беремін» деген мазмұндағы жарияланымдар көбейген. Оның пікірінше, мұндай ақпарат адамдарды жаңылыстырып, қоғамда негізсіз үрей мен алаңдаушылық тудыруы мүмкін.
Осыған байланысты депутат оккульттік қызметтер туралы контентті заңнамалық деңгейде реттеу қажеттігін атап өтті.
Еске салайық, онлайн-платформалар мен масс-медиа мәселелеріне қатысты заң жобасында «оккульттік қызметтер» деген жаңа ұғым енгізу көзделген.
Заң жобасына сәйкес, табиғаттан тыс, паранормалды немесе ғылыми тұрғыдан расталмаған қабілеттерге негізделген қызметтер туралы контентке оның ойын-сауық сипатында екенін және ғылыми немесе практикалық тұрғыдан расталмағанын көрсететін арнайы ескерту қойылуға тиіс.
Бұл талап әлеуметтік желілерде осындай қызметтерді жарнамалау мен тарату тәртібін заңнамалық тұрғыдан реттеуге бағытталған.
