Елімізде педагогтердің құқықтарын қорғау мақсатында «Ұстаз» платформасында 1472 нөмірлі байланыс орталығы іске қосылды. Мұғалімдер бұл қызмет арқылы еңбек қатынастары, жалақы, жұмыс жағдайы және түрлі даулы мәселелермен кеңес ала алады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, орталыққа түскен өтініштер құпия түрде қабылданып, педагогтердің құқықтары сақталады. Жаңа қызмет мұғалімдердің мәселелерін жедел шешуге және тиісті көмек алуына мүмкіндік береді.
Қазір байланыс орталығы сынақ режимінде жұмыс істеп тұр. Мамандар жүйені тексеріп, техникалық кемшіліктерді реттегеннен кейін толыққанды іске қосу жоспарланған. Дегенмен педагогтер қазірдің өзінде 1472 нөміріне хабарласып, өтініштері мен ұсыныстарын жолдай алады.
Министр педагогтердің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғау, оларға лайықты еңбек жағдайын жасау білім беру жүйесінің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.
