Қазақстанда 2027 жылдың соңына дейін 3G мобильді байланыс желісін толық тоқтатып, 4G және 5G технологияларына көшу жоспарланып отыр. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев мәлімдеді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы
Оның айтуынша, қазір ауылдардың 84 пайызы мобильді интернетпен қамтылған. Жоспарға сәйкес, 4G желісі 5 291 ауылға, ал 5G желісі 70 қала мен 300 ауылға жеткізіледі. Нәтижесінде ауылдардағы мобильді интернеттің қолжетімділігі 92 пайызға жетпек.
Сонымен қатар республикалық және облыстық маңызы бар 40 мың шақырым жолды мобильді байланыспен қамту көзделген. Ол үшін 500-ден астам байланыс мұнарасын салу қажет.
Жаслан Мәдиевтің айтуынша, жобаның инвесторы «Транстелеком» құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, нысандарды 2027 жылдың соңына дейін пайдалануға беруі тиіс.
