Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.
Құжатқа сәйкес, «Алтын Қыран» ордені Қазақстан Республикасының ең жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі болып нақтыланды.
Сондай-ақ мемлекеттік наградалар қатары жаңартылды. Атап айтқанда, Al-Farabi және Qoja Ahmet Yasaui ордендері енгізілді.
Al-Farabi ордені білім, ғылым, мәдениет және рухани өмір салаларында ерекше еңбек сіңірген азаматтарға беріледі. Ал Qoja Ahmet Yasaui орденімен ағартушылық, мәдени-гуманитарлық және әлеуметтік саланың дамуына үлес қосқан отандық және шетелдік ғалымдар мен қоғам қайраткерлері марапатталады.
Бұдан бөлек, Қазақстанның мемлекеттік медальдары қатарына композиторлар, дирижерлер, ән авторлары мен орындаушыларға, сондай-ақ музыкалық және ән өнерінің дамуына үлес қосқан азаматтарға берілетін «Шәмші Қалдаяқов» медалі енгізілді.
Заңда «Халық қаһарманы» атағын беру тәртібі де нақтыланды. Бұл атақ Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі, елдің бостандығы мен тәуелсіздігі жолындағы ерлігі үшін беріледі. Атақ иелеріне “Алтын жұлдыз” бен «Отан» ордені қоса тапсырылады.
