Алматыдағы Алатау дәстүрлі өнер театрында қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, халық жазушысы Марфуға Айтқожаның 90 жылдық мерейтойына арналған «Жыр аққуы — Марфуға» атты шығармашылық кеш өтті,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Мерекелік кеш Алматы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Салтанатты іс-шараға қаламгерлер, ақын-жазушылар, өнер қайраткерлері мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Марфуға Айтқожа — Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Алматы қаласының Құрметті азаматы. Сондай-ақ «Барыс», «Парасат» және «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Ақынның туған жер, махаббат, адам сезімі мен халық тағдырын арқау еткен туындылары қазақ әдебиетінде айрықша орын алады.

Мерейтойлық кештің шымылдығын дирижер Жексен Айсынның жетекшілігімен Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі ашты. Музыкалық шығармалар ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған поэзиялық композициялармен астасып, кештің мазмұнын байыта түсті. Сахна төрінде Қазақстанның халық артисі Шахимардан Әбілов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Махмұт Тойкенов, Гүлзат Дәуірбаева, Әділет Жексенби, Тілебек Қожанұлы, Еркін Шүкіман, Қабылаш Әбікейұлы және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрсұлтан Сабиров өнер көрсетті.
Кеш бағдарламасындағы ерекше қойылымдардың бірі — актер Болат Әбділманов орындаған «Абай аманаты» монологы болды. Сонымен қатар «Алатау» театрының артистері көрермен назарына «Аққу жүрек» атты поэзиялық композиция ұсынды. Мерейтойлық іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов пен Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы да қатысты. Олар ақынды мерейлі жасымен құттықтап, шығармашылығына ізгі тілектерін білдірді.
Кеш соңында Марфуға Айтқожа жиналған қауымға алғысын жеткізді. Ақын Алматы әкімдігіне, ұйымдастырушыларға, өнер көрсеткен әртістерге және мерейтой қуанышын бірге бөліскен барша көрерменге ризашылығын білдірді.
