Миниатюра өнерінің көрмесі ашылды

 

Бүгін Астанада түрік суретшілері Танер Алакуш пен Ясемин Акйолдың IZLEK атты көрмесі ашылды. Бұл туралы Jurtmedia  ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.

Көрме Түркияның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен OzgeEpic шығармашылық өнер орталығында ұйымдастырылды. Ашылу салтанатына Түркияның Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу, мәдениет және өнер саласының өкілдері, дипломаттар мен өнерсүйер қауым қатысты.

Экспозицияда ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі түрік миниатюра өнерінің заманауи үлгілері ұсынылған. Суретшілер өз туындыларында түрік мәдениетінің бай мұрасын, сәулетін және ұлттық көркемдік дәстүрлерін жаңа бағытта бейнелеген. Көрме ұйымдастырушыларының айтуынша, жобаның мақсаты — Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты нығайтып, шығармашылық ынтымақтастықты дамыту.

Түрік суретшісі Танер Алакуш миниатюра өнерінің бірнеше ғасырлық тарихы бар екенін атап өтті. Ол бұл бағыттың дәстүрлі әдістерін сақтай отырып, оны заманауи мазмұнмен толықтыру маңызды екенін жеткізді.Ал ÓzgeEpic креативті хабтар желісінің негізін қалаушы әрі бас директоры Тоғжан Құрманжанованың сөзінше, төрт ай бұрын қолға алынған бұл халықаралық көрме Түркия елшілігі мен Түркі әлемі іскерлік кеңесінің үлкен қолдауының арқасында жүзеге асқан. Бастапқыда келесі жылға жоспарланған бұл жоба мерзімінен бұрын сәтті ұйымдастырылып, халықаралық деңгейдегі суретшілердің шығармашылығын таныстыруға мүмкіндік беріп отыр.

Көрмеге қойылған 41 туындының әртүрлі этнографиялық мазмұны, соның ішінде дарбазалар, дәруіштер миниатюралары мен түркі салт-дәстүрін бейнелейтін суреттер қамтылғанын атап өтті. Тоғжан Құрманжанова бұл «41» санының сәйкес келуін қос тарап үшін де қасиетті әрі қуанышты кездейсоқтық ретінде бағалайды. Сонымен қатар, бұл жоба Түркия елшілігімен бірлескен алғашқы бастама болып табылатынын және Анкарада өз галереясы бар, бұған дейін Жапония мен Нью-Йоркте туындыларын ұсынған отбасылық суретшілер тандемінің Орталық Азиядағы, атап айтқанда Қазақстандағы алғашқы көрмесі екенін жеткізді.

Айта кетейік, көрмеге келушілер үшін 30 қарашаға дейін ашық болады.

 

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика