Оқиға 24-25 тамызда Жетісу облысы, Панфилов ауданында жауған мол жауын-шашын салдарынан республикалық маңызы бар KZ19-01 «Сарыөзек – Көктал» автомобиль жолының жекелеген бөліктерінде болған,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, табиғи құбылыстың ең елеулі салдары жолдың 152-шақырымында тіркелген.
Сел ағыны жол жиегі мен жер төсемінің бір бөлігін айтарлықтай тереңдікке дейін шайып кеткен. Соның салдарынан жолдың оң жақ жолағының бір бөлігі опырылып, жол төсемі зақымданды, — делінген хабарламада.
Табиғи құбылыстың салдарын жоюға ЖПБ-90 және ЖПБ-18 күштері жұмылдырылған.
Апаттық-қалпына келтіру жұмыстарына барлығы 18 қызметкер мен 13 бірлік арнайы техника, оның ішінде КамАЗ көліктері мен тиегіштер, фронталды тиегіштер, МТЗ тракторлары және бульдозер тартылды. Қазіргі уақытта жол қызметкерлері автомобиль жүру бөлігін лай-тас шөгінділерінен тазартуда. Сонымен қатар шайылған жер төсемін нығайту және жолдың зақымданған бөлігінің тұрақтылығын қалпына келтіру бойынша негізгі алғашқы жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында зақымданған учаске қоршалып, уақытша жол белгілері мен бағыттаушы құрылғылар орнатылды.
Ұлттық компания автожолдың толық қалпына келтірілмеуәне байланысты уақытша қиындықтар бар екенін жасырмады.
Көлік қозғалысы жолдың бүлінбеген жолағы арқылы кезекпен, реверсивті режимде ұйымдастырылған. Оқиға орнында патрульдік полиция қызметкерлерінің кезекшілігі ұйымдастырылды. Авариялық-қалпына келтіру және нығайту жұмыстары жалғасуда. Учаскедегі жағдай жол қызметтерінің тұрақты бақылауында,- деп атап өтті «ҚазАвтоЖол» мамандары.
