Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ардақ Әмірқұловтың дүниеден өтуіне байланысты марқұмның туған-туыстарына көңіл айтты,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды.
– Ардақ Әмірқұлов бар саналы ғұмырын кино өнеріне арнап, ұлт мәдениетін ұлықтауға мол үлес қосты. Кәсіби киногер ретінде «Отырардың күйреуі», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» сияқты тарихи туындыларды таспалап, төл руханиятымыздың алтын қорын байыта білді. Қазақ кинематографиясын өркендету жолында ұстаздық қызмет атқарып, дарынды шәкірттер тәрбиеледі. Соңына рухани мол мұра қалдырған Ардақ Әмірқұловтың иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – делінген көңіл айту жеделхатында.
Ардақ Жамансарыұлы Әмірқұлов 1955 жылы 10 желтоқсанда, Жамбыл облысы Талас ауданы Ақкөл ауылында дүниеге келген. Белгілі кинорежиссёр және сценарийші. Ол бірнеше кинофильмдердің авторы. Оның «Отырардың күйреуі» екі сериялы фильмі Қазақстан мемлекеттік сыйлығына (1992), ие болған. Сонымен қатар «Құрмет» орденінің иегері.
