Қазақстан және басқалар футболдағы легионерлерге қанша млрд доллар жұмсайды? 

FIFA сарапшылары жыл сайын әлем бойынша футбол клубтарының легионерлер сатып алуға қанша қаражат жұмсайтынын есептеп шығарды. Кәсіби футболдағы трансферлік келісімдердің саны рекордтық көрсеткішке жеткен,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы әлемде ойыншы сату және сатып алу үшін 26 998 трансферлік келісім жасалған. Оның басым бөлігі, яғни 24 558-і (90,9%) ерлер футболына тиесілі. Былтыр клубтар шетелдік ойыншыларды сатып алуға  13,08 миллиард доллар жұмсап рекордтық көрсеткен жасаған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұдан бір маусым бұрын бұл көрсеткіш 8,59 миллиард доллар, ал 2023 жылы 9,66 миллиард доллар болған еді.

Ұлттық лигадағы көшбасшылар арасында қай ел көп қаражат жұмсайды?

Шетелдік футболшыларды сатып алуда дәстүрлі түрде Англия Премьер-лигасы (АПЛ) алда келеді. 2025 жылы АПЛ клубтары легионерлерге 3,82 миллиард доллар бөлген. Бұл таңғаларлық жағдай емес, өйткені тұманды альбионның элиталық лигасындағы шетелдіктердің үлесі 65%-дан асады.

Легионерелер үшін қаржы жұмсауда үздік бестік:

Англия Премьер-лигасы – $3,82 млрд

Германия Бундеслигасы – $1,28 млрд (айта кетерлігі, немістер трансферден $1,5 млрд тауып, жыл қорытындысы бойынша плюспен шықты)

Италия Серия А – $1,2 млрд (мұнда да лиганың шетелдік жұмыс күшіне тәуелділігі жоғары – 62%-дан астам)

Франция чемпионаты – $953 млн

Сауд Арабиясы чемпионаты –907 млн $ (Таяу Шығыс елінде шетелдік ойыншылардың үлесі рекордтық көрсеткішке – 75%-дан асқан)

Миллиардтар қайда кетіп жатыр?

2025 жылы халықаралық легионер алу және сату жөніндегі түрлі трансферлерге 186 елдің ойыншылары қатысқан. Ерлер футболындағы барлық келісімдердің 41,6%-ы тек 10 мемлекеттің футболшыларына тиесілі.

Келісімдер саны бойынша Бразилия алда – 2326 ойыншымен алда келе жатыр. Одан кейінгі орындарға, Аргентина (1207), Франция (1185), Нигерия (1090) және Ұлыбритания (1057) орналасқан.

Алайда, қаржылық табыс деңгейі бойынша Франция футболшылары көш бастап тұр. Әлемдегі әртүрлі клубтар француз ойыншыларын сатып алуға 1,67 миллиард доллар жұмсаған. Одан кейінгі орындарда бразилиялықтар (1,21 млрд доллар), нидерландылықтар (780,7 млн $ ), испандықтар (662,6 $  млн) және немістер (627,6 млн $) тұр.

Қазақстан футболындағы легионерлер:  Сан мен сапа:

Қазақстанда 2026 жылдан бастап отандық футбол клубтарына бюджет қаржысы есебінен шетелдік ойыншыларды тартуға тыйым салынғаны белгілі. Соған қарамастан, Қазақстан Премьер-лигасында (ҚПЛ) шетелдік ойыншылардың саны азайған жоқ. Бүгінгі таңда біздің лигада 44 елден келген 150 легионер тіркелген, бұл жалпы отандық футболшылар санының 36,1%-ын құрайды.

Біздің елге келген легионерлер қанша табады?

Ашық дереккөздерде біздің елдегі легионерлердің ресми жалақысы көрсетілмейді. Дегенмен, түрлі кулуарларда айтылған ақпараттарға сүйенсек, үздік шетелдік ойыншылардың орташа айлық табысы 20 мыңнан 30 мың долларға дейін (жылына 240 мың – 360 мың АҚШ доллары) жетеді.

Бейресми мәліметтер бойынша:

«Ақтөбе» ФК сапындағы атақты португалиялық Луиш Нанидің жалақысы 75 мың доллар шамасында.

Виктор Мозестің (Нигерия/Англия) бекітілген айлығы – 15 мың доллар.

Жалпы алғанда қазақстандық клубтарда ойнап жүрген орта және төмен деңгейдегі шетелдік ойыншылар айына орта есеппен 1,9 миллионнан 3 миллион теңгеге дейін (4 000 – 6 300 АҚШ доллары) жалақы алады.

ҚПЛ тарихындағы ең жоғары жалақы алған ТОП-5 футболшылар:  

Жерар Гоу («Қайрат» ФК) –160 мың $

Андрей Аршавин («Қайрат» ФК) – 120 мың $

Вагнер Лав («Қайрат» ФК) – 100 мың $

Анатолий Тимощук («Қайрат» ФК) – 91,7 мың $

Маркос Пиззелли («Ақтөбе» ФК) – 75 мың $

ҚПЛ-2026: Легионерлер қай елден көп келеді?

Біздің біріншілікте өнер көрсететін шетелдіктердің басым бөлігі Балқан түбегі мен Оңтүстік Америкадан келгендер екен:

Сербия – 16 (10,7%)

Бразилия – 14 (9,3%)

Беларусь – 14 (9,3%)

Украина – 11 (7,3%)

Хорватия – 10 (6,7%)

Нигерия – 8 (5,3%)

Ресей – 7 (4,7%)

Грузия – 6 (4%)

Португалия – 5 (3,3%)

Испания – 4 (2,7%)

Жоғарыда көрсетілген өткен жылғы рекордтық көрсеткішке қарап әлемдік футбол нарығындағы трансферлік бағаның алдағы уақытта да өсе беретінін байқауға болады. Ал, Қазақстан футболы жаңа шектеулерге қарамастан, шетелдік легионерлер үшін тартымды нарық болып қала беретін сияқты.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика