Маңғыстауда 5 адам көз жұмған оқиғаға қатысты жол сапасына жауапты шенеунік сотталды

«ҚАЖсервис» ЖШС Маңғыстау облыстық филиалына қарасты №57 жол жөндеу бөлімінің басшысына қаңтар айында бес адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына байланысты сот үкімі шықты,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Бұл туралы Бас көлік прокуратурасының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Оқиға 2026 жылдың 16 қаңтарында Доссор-Құлсары-Бейнеу-Сай-Өтес-Шетпе-Жетібай-Ақтау республикалық тас жолында болған. Жол үстінде шамадан тыс мұз қатуына байланысты Yutong жолаушылар автобусы жолдан шығып кетіп, аударылып кеткен. Апат салдарынан бес адам қаза тауып, 14 адам жарақат алған болатын.

Тергеу апаттың себебі тас жолдың қысқы күтімінің дұрыс болмағанын анықтады. Тергеушілер жауапты тұлғалардың өз істеріне салғырт қарауы апаттың орын алуына тікелей себеп болған, деген тұжырым жасады.

Маңғыстау облысының Бейнеу аудандық соты бес адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.  Сот «ҚАЖсервис»  ЖШС Маңғыстау облыстық филиалының №57 жол жөндеу бөлімінің басшысын ҚР  ҚК-нің 353-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп тапты. Оған екі жыл алты айға шартты түрде бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, — делінген хабарламада.

Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Бұл Қазақстанның құқық қорғау тәжірибесінде тас жолдың қысқы күтімінің жеткіліксіздігі өлімге әкелетін қылмыстық жауапкершілікке негіз болған алғашқы қылмыстық іс», — деп атап өтті прокуратура.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика