Ақмола облысында мерейтойлық X «Kazakhstan Jańa Dala / Green Day – 2026» мамандандырылған көрме-демонстрациясы қарсаңында «Ең үздік малшы» медиажобасы іске қосылды,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жоба Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, мал шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің беделін арттыруға және олардың қоғамдағы маңызды рөлін насихаттауға бағытталған.
Медиажоба күнделікті қажырлы еңбегі арқылы ауыл шаруашылығының дамуына және елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосып жүрген жандарға арналған. Қойшылар, сиыршылар мен жылқышылар – агроөнеркәсіп кешеніндегі негізгі мамандықтардың өкілдері. Олар ұлттық мал шаруашылығының ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрін жалғастырып, ауылдық аумақтардың тұрақты дамуына елеулі үлес қосып келеді.
Бүгінде Қазақстандағы ірі қара мал басының 45 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда ұсталады. Сондықтан жүздеген мың ауыл тұрғынының әл-ауқаты малшылардың кәсібилігі мен адал еңбегіне тікелей байланысты.
Медиажоба аясында түсірілім тобы Ақмола облысының аудандарын аралап, мал шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтармен сұхбаттар түсіруде. Алғашқы екі күнде, яғни 25–26 маусымда, түсірілім тобы Атбасар, Бұланды, Бурабай, Есіл, Жақсы және Зеренді аудандарында болды. Жоба кейіпкерлері өздерінің еңбек жолы, отбасылық дәстүрлері, шаруашылық жүргізудің ерекшеліктері, ұрпақтар сабақтастығы және қазақ даласындағы ауыл өмірі туралы әңгімелейді.
Барлық бейнематериал ашық жарияланады, дауыс беру арқылы «Ең үздік малшы» аталымының жеңімпазын анықтай алады. Жоба жеңімпазы 2026 жылғы 16–17 шілде күндері Ақмола облысы Целиноград ауданының Нұресіл ауылындағы «Ақтық» агрофирмасы» аумағында өтетін мерейтойлық X «Kazakhstan Jańa Dala / Green Day – 2026» көрме-демонстрациясы аясында марапатталады.

