Контрабандалық жолмен әкелген дәрілерді сатумен айналысқан 4 компания анықталды

Тергеу барысында күдіктілердің дәрілік заттарды, соның ішінде құрамында психотроптық заттары бар препараттарды қолдан жасалған тәсілмен заңсыз өндіргені анықталды, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Мұндай препараттарды қолдану адам денсаулығына айтарлықтай зардап әкелуі мүмкін.

Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті анықтағандай төрт фармацевтикалық компания Алматы қаласында көршілес мемлекеттерден дәрілік препараттарды, оның ішінде күшті әсер ететін медикаменттерді контрабандалық жолмен әкеліп, кейін оларды еліміздің дәріханалар желісі арқылы өткізумен айналысқан.

Қылмысты ашу барысында бірнеше қойма мен жасырын өндірістік цех табылды. Контрафактілік өнімдер антисанитариялық жағдайда дайындалғандықтан, азаматтардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.

Жедел іс-шаралар аясында аталған заңсыз қызметті ұйымдастырушыларға ақшалай сыйақы үшін қолдау көрсеткен лауазымды тұлғалар анықталып, ұсталды.

Олардың әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабы бойынша сараланды. Тауар айналымы мен қаржылық ағындарға жүргізілген талдау көлеңкелі схемалардың, контрабандалық және контрафактілік қызметтің болғанын растады. Алдын ала мәліметтер бойынша, өткен жылы мемлекетке 800 миллион теңгеден астам сома көлемінде салықтар мен өзге де міндетті төлемдер төленбеген.

Бірлескен арнайы операция барысында заңсыз айналымнан ірі көлемдегі ақша, ондаған мың қаптама жалған дәрілік препараттар, оның ішінде айналымы шектелген дәрілер, сондай-ақ оларды өндіруге арналған жабдықтар мен шикізат тәркіленді.

 Қылмыстық схеманы ұйымдастырушылар мен олардың сыбайластары уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасып жатыр. Заңсыз қызметке қатысы бар барлық тұлға, сондай-ақ дәрілік заттарды жеткізу арналарының, оның ішінде шетелден жеткізу жолдарының барлығын анықтау бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика