Алматы Мемлекеттік академиялық қуыршақ театры «Шомбай-fest – 2026» қуыршақ театрлар фестивалінде «Ортеке» қойылымын сахналады, — деп хабарлайды jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Қазақ қуыршақ театры қазылар алқасының шешімімен «Үздік спектакль» номинациясы бойынша бас жүлделі болды. Қазылар алқасының барлық мүшесі бірауыздан қазақстандық ұжымның жұмысын үздік туынды ретінде мойындады, — деді фестивальдің қазылар алқасының төрағасы, режиссер, продюсер Давид Бурман. Ол Алматы қуыршақ театрын 2027 жылы Санкт-Петербург қаласында өтетін Халықаралық «КУКART» фестиваліне қатысуға шақырды.
«Ортеке» – ұлттық құндылықтарды дәріптейтін спектакль

Қойылым сторителлинг жанрындағы ерекше туынды. Спектакль сюжетіне қазақтың көне ортеке қуыршағы мен халық ауыз әдебиетіндегі белгілі ертегілер негіз болған. Туындыны тамашалау кезінде көрермен ұлттық аспаптардың әуезді үніне, жанды дауыста орындалған әндерге және тәрбиелік мәні терең хикаяларға қанығып, қазақ руханиятының бай әлеміне тереңдеп бойлайды. Қойылым кәсіби қазыларды да, көрермен қауымды да ерекше әсерге бөледі. Театр мамандары мен мәдени сарапшылар да жақсы пікірлерін білдірді.
«Спектакль көнеден келе жатқан киелі дәстүрлерге зор құрмет көрсетеді. Дәстүрді сақтау – өте маңызды. Өкінішке қарай, кей елдер бұл құндылықтарға жеткілікті мән бермей жатады. Ең қымбат қазына дәстүрді сақтап, дәріптеп отырсыздар. Браво!», — деді Мали Республикасы «Sogolon» қуыршақ театрының режиссері Яя Кулибали.
«Бұл жай ғана спектакль емес. Бұл – қазақ халқымен танысу. Ұлттық аспаптар, киімдер, әшекейлер арқылы тұтас бір мәдениетті көресіз. Мен ерекше тәнтімін. Актерлердің ойыны да, шығармашылық деңгейі де өте жоғары», — деді Татар Мемлекеттік академиялық «Экият» қуыршақ театрының артисі, Татарстан Республикасының халық артисі Рамзия Безус.
Шығармашылық топ:

Спектакльдің режиссері әрі идея авторы – Григорий Лайко.
Суретшісі – Мерей Ынтымақов.
Музыкалық көркемдеуші – Давид Литвинов.
Балетмейстер – Ринат Билибаев.
Рөл сомдаған артистер: Бақытжан Қаюов, Әсемгүл Мансұрова, Шохан Құлназаров, Мейрхан Батырханов, Алияр Нұраділ.
VI Халықаралық фестиваль Татарстанда 17-22 маусым аралығында өтті. Фестивальде Қазақстан, Африка, Серб Республикасынан және Ресейдің түрлі өңірінен 150-ден астам қуыршақ шеберлері қатысып, 14 театр ұжымы бақ сынады.
Ұжым жетістігі мен жеңісі — қазақ қуыршақ өнерінің халықаралық деңгейде мойындалуын аңғартады.
