Алматыдан Шымкентке шыққан ұшақтың қонуына шамамен 15 минут қалғанда ауа райы күрт бұзылған, — деп хабарлайды jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жауын жауып, найзағай соғып, жағдай қауіпті бола бастаған. Қолайсыз ауа райы салдарынан ұшақ Шымкент әуежайына жетіп қону мүмкін болмаған. Жолаушылардың айтуынша, ұшақ әуеде 15 минутқа жуық теңселген. Ұшақ жерге тым жақындап қалғандықтан жолаушылар арасында үрей пайда бола бастаған. Ұшқыштардың жоғары кәсібилігінің арқасында жағдай дереу бақылауға алынды. Экипаж қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдап, ұшақты Тараз қаласына бағыттаған. Әуе кемесі Тараздағы қосалқы әуежайға аман-есен қонып, жолаушылар Шымкентке қайта ұшу ұйымдастырылам дегенше әуежайда бір сағаттан аса күткен.
Артынша SCAT әуе компаниясы жағдайға қатысты түсініктеме берді.
Ұшақ Шымкент әуежайына қонуға жақындағанда ауа райы күрт нашарлаған. Желдің екпіні секундына 24 метрге дейін күшейіп, найзағай ойнады, нөсер жауын жауды және жел ығысуы қаупі байқалды. Осыған байланысты Алматы – Шымкент рейсінің экипажы Тараз қаласындағы қосалқы әуежайға қону туралы шешім қабылдады, – деді әуе компания өкілдері.
Ауа райы жақсарғаннан кейін әуе кемесі рейсті жалғастырды. Ұшақ қосалқы әуежайдан Шымкент әуежайына штаттық режимде қонды.
