Бұдан былай қазақстандықтарды қабылданбаған автоқоңыраулар қайта мазаламайды, — деп хабарлайды jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Тиісті бұйрыққа цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі қол қойды. Бұған дейін «маяк» қоңыраулары қызметін өшіру екі тараптың келісімі арқылы ғана жүзеге асатын. Бұдан былай кері қоңыраулардың орнына SMS-хабарлама жолданады.
Жаңа ережелерге сәйкес, ақылы қызметтерді қосу абоненттің екі мәрте келісімінсіз қосылмайды. Абонент келісімін жеке кабинет, SMS, қоңырау немесе USSD арқылы растауға тиіс. Мұндай талап азаматтарды қажетсіз қосымша шығындардан қорғау үшін қойылған.
Жарнамалық хабарламаларды қабылдамайтын тетіктер қарастырылған
Байланыс қызметін пайдаланушылар кез келген жарнамалық хабарламаларды қабылдамауға құқылы. Аталған норма азаматтың жеке кеңістігіне қол сұғылмаушылығын қамтамасыз ету үшін енгізілген.
Балаларға SIM-карта рәсімдеу тәртібі
14 жасқа толмаған балаларға нөмірді тек заңды өкілдері биометриялық сәйкестендіру арқылы рәсімдей алады. Бір балаға бір ғана нөмір тіркеуге рұқсат беріледі.
Байланыс саласындағы маңызды өзгерістер, жаңа нормалар биыл 28 маусымнан бастап күшіне енеді.
