«Орда» сайтының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкеноваға қатысты қылмыстық сот отырысы 26 маусымға белгіленді, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Сот отырысы Алматының Бостандық ауданының №2 сотында онлайн режимінде өтеді. Бажкенованы мемлекеттік адвокат қорғайтын болды.
Еске сала кетейік, 1 желтоқсанда Бажкеноваға жалған ақпарат таратқаны үшін бірнеше қылмыстық айып тағылғаны жарияланды. Сол кездегі сот шешімімен журналист үйқамаққа алынды.
2 желтоқсанда Қазақстан Журналистер одағы журналистің үстінен қозғалған қылмыстық іс пен оның үйқамаққа алынуына қатысты мәлімдеме жасаған болатын.
Қазақстан Журналистер одағы құқық қорғау органдарын ең алдымен, кінәсіздік презумпциясын сақтауға шақырады. Қылмыстық кодекстен 274-бап («Біле тұра жалған ақпарат тарату») алынып тасталуы керек. БАҚ пен журналистердің қоғам алдындағы жауапкершілігін мойындай отырып, Бас прокуратура мен Жоғарғы Сотты 274-бапты азаматтық-құқықтық санатқа ауыстыру мәселесін қарастыруға шақырамыз,-делінген одақтың мәлімдемесінде.
