Ел қоржынында 5 алтын медаль бар. Соңғы алтын жүлдені Айбек Оралбай салды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық — сараптамалық порталы.

90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Қазақстан құрамасының көшбасшысы Айбек Оралбайдың финалдағы қарсыласы Германия елінің тәжірибелі боксшысы Никита Путилов болды. Отандасымыз бірауыздан төрешілер шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Оралбай өз салмағында әлемдік деңгейдегі басты фавориттердің бірі
Жалпы бұл екі боксшының алғашқы кездесуі емес. Бұған дейін былтыр Астанада өткен Әлем кубогының финалында да жолықан. Сол кездесуде де Айбек қарсыласынан айқын басым түсті. Аталған ауыр салмақта әлемдік бәсеке өте жоғары. Десе де, қазақстандық боксшы өз салмағында бірнеше жылдан бері жетекші спортшылар қатарында келеді.
Турнир барысында Айбек Оралбай АҚШ спортшысы Нажай Райтты және Ұлыбритания өкілі Мэтью Уильямсты 5:0 есебімен жеңсе, жартылай финалда бразилиялық Жоел Рамосты 3:2 есебімен тізе бүктірді.
Осы жарыста топ жарған тағы бір жерлесіміз жеңіл салмақтағы боксшы Санжар Тәшкенбай әлемдік аренадағы «ең қауіпті» боксшылардың біріне айнала бастады.

Оның жылдамдығы, техникалық дайындығы және тактикалық икемділігі көпті еріксіз таңдай қақтырды. 50 келі салмақ дәрежесінде Санжар Тәшкенбай финалда Азия чемпионы, өзіне бұрыннан таныс қарсылас – Өзбекстан өкілі Асилбек Жалиловпен қолғап түйістірді. Үш раунд бойы екі спортшы да жеңіс үшін барын салды. Нәтижесінде төрешілер 3:2 есебімен жеңісті Санжарға берді. Тәшкенбай турнир барысында өзге қарсыластарын ойсырата жеңді. Ол ширек финалда Қырғызстан өкілі Анваржан Ходжиевті, жартылай финалда Испания боксшысы Мартин Молина Сальвадордан 5:0 есебімен жеңісті жұлып алды.
Сонымен, әлем кубогының финалдық жекпе-жегінде айбекке дейін Санжар Тәшкенбай (50 келіге дейін), Назым Қызайбай (54 келіге дейін), Виктория Графеева (60 келіге дейін) және Абылайхан Жүсіпов (70 келіге дейін) чемпион атанды. Ал Аида Әбікеева, Валерия Аксенова және Дина Исламбекова жарысты қола медальмен аяқтады.
Қытайдың Гуйян қаласында өткен бокстан Әлем кубогының кезеңі Қазақстан құрамасы үшін табысты аяқталды. Ел құрамасы жарыстың жалпы нәтижесі бойынша командалық есепте екінші орынға табан тіреді. Бірінші орын қытай командасына бұйырса, алғашқы үштікті көрші өзбек боксшылары түйіндеді.
