Алматыдағы әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасы бойынша кезекті сот отырысында күдікті Александр Пак жауапкершіліктен жалтаруға тырыспайтынын мәлімдеді,- деп хабарлайды,-Jurtmedia ақпараттық — сараптамалық порталы.
Сот отырысында айыпталушы Пак бірнеше адамның өліміне әкеп соққан апатқа өзінің тікелей кінәлі екенін толық мойындады. Ол одан бөлек БАҚ өкілдеріне үндеу жасап, жеңіл жаза күтпейтінін, ол үшін қандай да бір әрекет жасамайтынын атап өтті.
Мен жазадан жалтаруға тырыспаймын. Шартты түрде бас бостандығынан айыру маған жүрмейді. Бұл марқұмдардың жақындары мен қоғам үшін орны толмас үлкен қайғы. Мен заңға сәйкес тағайындалған кез-келген жазаны қабылдауға дайынмын, — деді Александр Пак.
Сотталушы апат болған күн әлі күнге дейін егжей-тегжейлі есінде екенін айтты. Оның айтуынша, қазіргі кезеңде оның басты мақсаты-қаза тапқандар мен зардап шеккендердің отбасыларын баспасөз бен қоғамның шамадан тыс қысымынан қорғау.
Апат бойынша тергеу және сот процесі жалғасуда.
