Астанада Бейімбет Майлин ескерткішін қорлаған қыз қылмыстық жауапқа тартылды

Елорда полициясы «Үш Арыс» ескерткішіне шығып, Бейімбет Майлин мүсінінің мойнында отырып, суретке түскен бойжеткеннің ісі сотқа жолданғанын мәлімдеді, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Оқиға елордадағы Жазушылар аллеясында болған. Ол жерде көрнекті қазақ жазушылары Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин және Ілияс Жансүгіровке арналған «Үш Арыс» ескерткіші орналасқан. Жарияланған кадрда әйел мүсіндердің бірінің, нақтырақ айтқанда жазушы, алаш арысы Бейімбет Майлиннің «мойнына» шығып аяқтарын салбыратып отыр, ал оны құрбысы суретке түсіріп жатыр.

Осы оқиға куә болған журналист, Дүйсенәлі Әлімақын бейнежазбаны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады. Қыз баланың бұл әрекеті оқырмандардың ашу-ыза реакциясын тудырды.

Қаламгерлер аллеясында демалып отыр едім. Кенеттен мынадай келеңсіз іске куәгер болдым. Ашу қысып қасына жетіп барып «бұл тұлғалардың кім екенін білесіңдер ме?» десем,көздері адырайып,Что,что деуден ары аспады. Сөзіме дәлел ретінде олардың бұл топастығын видеоға түсіріп алдым. Еш ұялу,кешірім сұрау жоқ. Бұл басыну ма әлде надандық па?,-деп жазды ол. 

Бейнежазба жарияланғаннан кейін әлеуметтік желі пайдаланушылары қыздың әрекеттерін қатты сынға алып, оны жауапкершілікке тартуды талап етті.

Артынша, Астана полиция департаменті бұл қыздың кім екенін анықтағанын хабарлады.

Әлеуметтік желілерде Бейімбет Майлин ескерткішіне суретке түсіп, мәдени нысан мен қоғамдық орынға құрметсіздік көрсеткен қыздың бейнежазбасы тарады.  Полиция қызметкерлері ұлы жазушының ескерткішін қорлаған қыздың кім екенін анықтады. 18 жастағы Астана тұрғыны Байқоңыр аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Құқық бұзушы ұсақ бұзақылық жасады деп айыпталды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, — деп мәлімдеді елорда полициясы.

Астана полициясы мұндай әрекеттерге заң бойынша жол берілмейтінін және мәдени және тарихи мұра нысандарына ұқыптылықпен және құрметпен қарау қажеттілігін атап өтті. Полиция сонымен қатар ескерткіштер мен мәдени мұра нысандарына қасақана зиян келтіру вандализм актісі болып саналатынын және қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.

Фото: Видеокадрдан алынды.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика