Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, журналист, қоғам қайраткері, ғалым Намазалы Омашевтың 75 жылдық мерейтойына және ғылыми-педагогикалық қызметінің 50 жылдығына арналды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
«Журналистік білім беру мен ғылымының сабақтастығы: жаңа ұстанымдар және өзекті зерттеулер» деген атпен өткен жиын мерейтой иесі ұзақ жыл ұстаздық, басшылық қызмет атқарған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өтті.
Жиынға ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, Парламент Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан, ҚР ҰҒА академигі, профессор Бауыржан Жақып, Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман, жазушы, абайтанушы Тұрсын Жұртбай, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, оқу ордасының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Халықаралық конференцияда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын Мәлік Отарбаев оқып берді.
Намазалы Омашев Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ұзақ жыл бойы жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, жоғары білім саласын ілгерлетуге зор еңбек сіңірді. Көптеген теориялық еңбектер жазып, ғылымды дамытуға белсене атсалысты. Сіз тәрбиелеген шәкірттер бүгінде түрлі салада табысты жұмыс істеп жүр. Ел руханиятын өркендету жолындағы қажырлы қызметіңіз үшін ризашылығымды білдіремін, — делінген Президенттің құттықтау хатында.
Парламент Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі Жоғарғы палата төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқыды.
Сіз «Қазақ» радиосынан бастаған еңбек жолыңызда толайым табыстарға қол жеткіздіңіз. Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі журналистиканы ілгерлетуге зор үлес қостыңыз. Сіздің ғылымдағы жетістіктеріңіз бір төбе, — деп атап өтілген Мәулен Әшімбаевтың хатында.
Өз кезегінде ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы жолдаған алғыс сөзінде:
Намазалы Омашұлы ЮНЕСКО-ның бұқарамен байланысы және журналистика кафедрасының негізін қалап, журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры ретінде өзіндік мектебін қалыптастарды. Декандық қызметте жаңа кафедралардың, замануи мамандықтардың, телерадио студиялардың, компьютерлік сыныптардың, арнайы аудиториялардың ашылуына ықпал етті. Терең ізденістеріңіз бен бүгінге дейін қол жеткізген табыстары халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалып, жоғары бағаланды, — деп атап өтті.
Сондай-ақ іс-шара барысында ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Ерлан Қошановтың, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың құттықтау хаттары оқылды.
Конференцияда Бауыржан Жақып, Жүрсін Ерман, Ұлықбек Есдәулет, Сауытбек Әбдірахманов сөз сөйлеп, Намазалы Омашевтың қайраткерлік және азаматтық болмысына тоқталды