Қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі аса ірі тұлғаның бірі, қазақ халқының әйгілі айтыскер ақыны, әнші, сазгер Біржан Қожағұлұлының әндеріне негізделген жаңа қойылымның премьерасы Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрында сахналанды,- деп хабарлайды Jurtmedia,kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Қойылым алдында баспасөз мәслихаты өтті. Туындының қоюшы режиссері «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Фархад Молдағалиев қойылымның айтар сөзі мен мағынасына тоқталып өтті.
Қашанда қазақтың тағдырлы тарихында сөзі- ойсыз айтылып,мұңсыз жырланбаған. Кейде, бір ән-бүкіл елдің сыры, бір дәуірдің жүгі боп та мық шегедей мықшиып тұрады. Сондай әндердің бірі- Біржанның «Теміртасы»! «Теміртас» – Біржанның соңғы әні. Ақтық сөзі. Ең атақты туындысы,-дейді режиссер.
Бұл қойылымда Біржанның ғана емес, бүкіл қазақтың мұң-намасына айналған әндер сыр шертеді. Ақынның драмалық тағдыры, зұлымдыққа, әділетсіздікке қарсы күрескен өмірі халық санасында мәңгі өмір сүреді.
Қойылым реквием жанрында көрерменді ойға жетелеп, мұңға батырып, санасын сілкіп, қайта жігерлендіріп отыратын құмбыл-формасымен ерекше!