Кейбір ақпарат құралдарында Әнару Құрманәліні зорлады деген күдікке ілінген белгілі боксшы Жанқош Тұраровқа тағылған айып дәлелденбепті деген ақпарат тарады. Осыған қатысты жәбірленушінің қорғаушысы Ләззат Ахатова желідегі парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы.
Белгілі адвокаттың жазуынша боксшыны кәнәсіз деп тапқандығы туралы ешқандай да үкім шықпаған. Оның айтуынша полиция істі заңсыз қысқартқан. Алайда соңғы шешім шығару соттың ғана құзырында.
Жанқош Тұраровтың кінәсі дәлелденбепті-мыс, үкім шықты деп, кей сайттар тағы шулап жатыр екен. Қайдағы үкім? Тергеу үкім шығармайды. Ондай өкілеттігі жоқ. Соңғы нүктені сот қояды! Істі бізге айтпай, заңсыз қысқартқанын екі күн бұрын, қоймай жүріп, білдік. Енді тергеу органы бізді сотқа шағымданбасын деп, қаулыны бермей отыр! Ол қаулыға шағымданатын құқығымыз бар! Қайта жаңғыртуға құқығымыз бар. Солай жасаймыз да. Тиісті органдардың бәріне шағымданамыз. Полиция істі заңсыз қысқартса, неге оны түпкілікті шешім деп ойлайды, кей кісілер? Ол шешімдеріне шағым келтіру құқығы бар емес пе? Сот бар, прокуратура бар, деп жазды Л. Ахатова.
Оның айтуынша полиция істі алғаш бастаған сәттен-ақ жауып тастауға тырысқан. Қорғаушы полицияның бұл әрекетін оны қорғайтын беделді ықпалды адамдардың бар болуымен байланыстыратынын жазған.
Иә, Жанқош Тұраровтың “крышасы” туралы, тергеудегі өрескел заңсыздықтар туралы іс қозғалған сәтте жазған едік.
Күдігіміз расталды. Полиция бұған дейін де Тұраровтың бірнеше ісін қысқартқан екен. Олар басынан -ақ істі жауып тастауға, Әнарудың аузын жауып тастауға барынша күш салған болатын . Осыған дейін тергеу құпиясын жарияламайын, кедергі жасамайық деп, ештеңе жазбай келдік,-дейді қорғаушы.
Ол сонымен қатар жәбірленуші Әнару Құрманәлінің спортшыға жала жапты деген ақпараттың да жалған екенін айтып өтті.
Ақыры тергеудің өзі осылай заңды белден басып отырса, мән-жайды ашық айтайын:
Әнару ешкімге жала жапқан жоқ! Оны Тұраров о баста алдап, құрығына түсіріп, есін білмей жатқанда, зорлап, алты жыл бопсалап келген! Туыстарына, таныстарына абыройсыз болудан қорыққандықтан, қыз бала амалсыз оның дегеніне көніп келген,- дейді Ләззат Ахатова.
Адвокат күдікке іліген спортшыға қатысты осы уақытқа дейін айтылмай келеген тың ақпаратты жариялады. Оның айтуынша Тұраров осы есірткіге жәбірленушіні де тәуелді етіп қойған. Алайда полиция дер кезінде екеуінің де қанына сараптама жасауды тағайындамаған.
Ең сорақысы — осы уақытқа дейін айтылмай келе жатқан ақиқат — Тұраров өзі мефедрон қолданғанымен қоймай(оның есірткіге әуес екенін таныстары түгел біледі екен) Әнаруды да сол синтетикалық есірткіге тәуелді етіп қойған!
Бұл туралы арыз бергенде де, беттестіру кезінде де, жауап алу кезінде де Әнару айтқан. Іс материалдарында ол деректер бар. Алайда тергеу органы сол кезде екеуінің де қандарын тексеруге сараптамаға жіберу керек еді. Оны жасамаған! Яғни тергеу органы қылмысты жасырған! Соның салдарынан екі ай өткен соң, біз есірткі туралы зерттеуді талап етіп, арызданып, қоймағасын, Тұраров жақында “қанында есірткі жоқ” деген анықтама апарып беріпті) Тамызда қолданған есірткі қаннан қазан айында әрине көрінбейді. Өйткені, сарапшылардың айтуынша, екі күннен кейін де қаннан көрінбейтін қымбат түрлері бар екен, мефтың, — деп жазды адвокат.
Сонымен қатар Ләззат Ахатова спортшыға қатысты істі жеңілдеу баппен қозғады дегенді айтты. Оның айтуынша полиция арызда анық жазылеған нәрсені жіті қаперге алмаған.
Одан бөлек, полиция Қылмыстық Кодекстің 120-бабы емес, 121-бабымен іс қозғау керек еді. Ол баптың жазасы ауырлау. Дәлелдеу — бөлек әңгіме, арызда анық жазылған нәрсені бұрмалап, істі әдейі жеңілдеу баппен қозғаған.
Содан кейін, сараптаманы бірнеше күннен кейін ғана тағайындаған. Сонымен қатар, сараптаманы проктолог дәрігердің қатысуынсыз жасаған! Яғни сыртын ғана тексеріп, ішін тексермеген. Ол да қылмысты жасыру деп есептеледі!»,- дейді Л. Ахатова.
Ол жазбасының соңында құзырлы органдарға тергеуді жүргізіп, артынан қысқарту туралы шешеім шығарған полицияның үстінен шағым түсіретіндіктерін мәлімдеді. Қорғаушы жәбірленуші тараптың іспен танысу, шағым беру құқығы бар екенін алға тартып отыр.
Бізге тергеу органы істі қысқарту туралы Қаулыны берген жоқ! Таныстырған да жоқ! Яғни қылмыстық заң нормаларын белден басып отыр. Солай бола тұра, қысқарттық деп, кінәсі дәлелденбеді деп, сайттарға ақпарат беріп отыр. Жәбірленуші тараптың іспен танысу, шағым беру құқығы қайда қалды, сонда?! Мына заңсыздықтар қашанға дейін жалғасады?!
Бас Прокуратура мен сотқа тергеудің үстінен шағым түсіретініміз анық. Онымен қоса, жаңа баптармен тағы да арыз жазылады. Тергеу органының үстінен Қылмыстық Кодекстің 433-бабымен, яғни қылмысты қасақана жасыру бойынша арыз жазамыз. Жанқош Тұраровтың әйелінің үстінен БАҚ беттерінде жалған ақпарат таратып, адамның ар-намысына нұқсан келтіргені үшін арыз жазамыз,- делінген қорғаушының жазбасында.
Фото: AIQYN.KZ