Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры өзінің VIІІ маусымын «Алатау FM радиосы» музыкалық комедиясының премьерасымен ашты, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы.
Қойылым режиисері: Еслям Нұртазин.
Қойылым шағын радиостанцияның бүкіл қаланың дауысына айналғаны туралы оқиғаны баяндайды. Бір сәтте спутникте ақау пайда болып барлық ақпарат құралдары мен телефон байланысы істен шығып, бірақ жабылудың алдында тұрған «Алатау FM» радиосы ғана эфирден үзілмейді. Бұл эфир продюсері Айбек үшін таптырмас орай еді. Бірақ, Айбектің эфирге байланысты жоспарын көптеген оқыс оқиғалар кедергі етеді. Ештеңеге қарамастан Айбек эфирді жалғастырып, барлық қиындықты жеңеді. Тіпті, өзінің сүйгенінен де айырылып қала жаздап, ақыр соңында радионың тыңдарман санын 10 миллионға жеткізіп, рекорд орнатады. Спектакль арманға сену, өз ісіне адал болу және жақындарына көңіл бөлу мен құрметтеу туралы ізгі қарым-қатынасты насихаттайды.
Барлық қиындықтарға қарамастан, спектакль кейіпкерлері көрермендерді өздерінің көңілділігімен шабыттандырады.
«Алатау FM радиосы» – бұл ең қиын жағдайда да өзіңе және армандарыңа сенудің арқасында тығырықтан шығудың жолын табуға болатындығы туралы қойылым.
Айта кетейік өткен жетінші маусым Театр үшін өте жемісті болғанын атап өтуіміз керек. Жаңа бағыттар мен жанрларды игерген, батыл қадамдар жасалған маусым өзінің жемісін берді. Фархат Молдағалидың режиссерлығымен қойылған «Мамлүк. Сұлтан Бейбарыс» саундрама қойылымы өзінің премьерасынан кейін де табысты қойылып жатқан туынды.
VIІІ театр маусымында театр ұжымы үлкен жұмыстарды қолға алғалы отыр. Әсіресе ұлттық бағыттағы дәстүрлі өнерімізді жан-жақты көрсететін «Біржан сал», «Естай-Қорлан» мюзиклдары мен «Қорқыт» музыкалық драмасы. Қорқыт атаның философиялық ой толғамдары мен күйлерін, олардың шығу тарихына қатысты аңыздар негізінде музыкалық драма жанрындағы спектакль жасау жоспарымызда бар.
Сонымен қоса халқымыздың ұлы ойшылы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы мен теңдесіз композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл мерейтойына орай арнайы қойылымдар ұсыну жоспарланып отыр.
Ардақ Беркімбай
Өнертанушы
Фото: Мақсат Құсайынов