Пәк қыздардың тізімі: ҚазҰУ-і студенттерінің жеке деректері таралуына қатысты полиция тексеріс бастады

Алматы прокуратурасының нұсқауымен дербес деректерді тарату бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды,- деп хабарлайды Jurtmedia.kz

2024 жылдың 14 ақпанында Бостандық ауданының полиция басқармасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-і студенттерінің медициналық құпияны құрайтын жеке деректер мен мәліметтерді тарату фактісі бойынша  ҚР Қылмыстық кодексі 147-бап бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру тіркелді (жеке өмірге қол сұғылмаушылықты және ҚР  дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасын бұзу), — деп жазды  Алматы прокуратурасы.

Қазіргі уақытта қылмыстық іс аясында барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Айта кетейік, Telegram-арналардың бірінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқитын студенттердің медициналық дербес деректері тарап кеткені туралы ақпарат пайда болған. Тараған ақпаратта студенттердің аты-жөні, ЖСН, байланыс нөмірлерінен бөлек, кейбір медициналық қорытындылар да жазылған.

Артынша еліміздің Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мәлімдеме жасап, осы мәселе бойынша түсініктеме беру үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сауал жолданғандығын жазған.