Алтынбек Сәрсенбаев тәуелсіз басылымдарды тұншықтырушылардың бірі болды — белгілі журналист

Танымал журналист Бигелді Габдуллин марқұм Алтынбек Сәрсенбаев қолында билік тұрған кезде демократиялық бағыттағы тәуелсіз басылымдарды езіп-жаншып ұстап отыруға тырысқанын айтты, деп хабарлады Jurtmedia. kz

Ол бұл туралы  жақында «Мүмкін емес» You Tube арнасына берген сұхбатында айтқан.

Бигелді Ғабдулин сұхбатында кезінде өзі ашып иелік еткен, тәуелсіз  «Новое поколение» газетін Алтынбек Сәрсенбаев әкімшілік ресурстың күшімен тартып алып, оны Рахат Әлиевтің атына қалай жазып бергенін егжей-тегжейлі айтып берді.

Соңғы кездерде көпшілігіміз Алтынбек Сәрсенбаевты «нағыз демократ» деп жер-көкке сыйғызбай мақтаймыз. Шындығында ол ешқандай да демократ болған жоқ. Керісінше еліміздегі тәуелсіз басылымдарды тұншықтырушылардың бірі болды. Ол өмірінің соңғы кезінде ғана оппозицияға өтіп, демократ атанды. Ал қолында билігі болған жылдарда еліміздегі басылымдардың барлғын барынша бақылауда ұстап, басып-жаншуға тырысты. Тіпті, бұл жайында айтарға сөзім жоқ.

Ол жекеменшік газеттерді мемлекетке қайтарудың түрлі жолдарын ойлап тапты. Айталық, ол менен «Новое поколение» газетін алып қоюда барлық айла-шарасын істеп бақты. Сол кездегі ақпарат саласына жауапты министрліктің атауы өзгергенде «Біздің министрліктің атауы өзгерді, енді барлық газеттер тікелей министрлікке бағынышты болуы керек. Газетіңізді бізге беруіңіз керек» деп орынсыз талап қойды.

Осылайша «Новое поколение» газетінің 49% акциясын алып алды. Сол кезде Мәжілісте отырып, бізге араша түскен Шерхан Мұртаза мен Алтыншаш Жағанованың сөзіне пысқырып та қараған жоқ.

Арада бес жыл өткеннен кейін тағы хабарласып, «Біздер газетті толықтай өз бақылауымызға алатын болдық» деп басылымды толықтай иелігіне алып, артынша «Новое поколение» басылымын Назарбаевтың үлкен күйеу баласы Рахат Әлиевтің атына жазып берді. Егер Алтынбек Сәрсенбаев сөз бостандығының жақтаушысы болса, осындай қадамға барар ма еді? – деді белгілі публицист Б.  Ғабдуллин.

Жалпы, Алтекең билікте болған жылдарда түрлі  БАҚ-та басшылық істеген аға буын сол кездерде барлық басылымға мемлекет тарапынан бақылау барынша ыждаһатты болғанын жасырмайды.