4 мыңнан астам сарбаздың 1,5 млрд теңге несиесі кейінге қалдырылды

Өткен жылы елімізден 37 мың сарбаз әскери борышын өтеуге шақырылған, деп хабарлады Jurtmedia.kz

Әскерге шақыру шаралары екі кезеңде: көктем мен күз айларында ұйымдастырылды. Әскери қызметтің беделін арттыруға бағытталған іс-шаралар кешенінің арқасында бұл науқандар мерзімінен бұрын аяқталды.

37 мың әскерге шақырылушының 16 мыңнан астамы Қарулы күштерге жіберілді. Қалған 21 мың азамат Ұлттық ұланның, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Мемлекеттік күзет қызметінің және Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдерін толықтырды.

Қорғаныс министрлігінің мүдделі мемлекеттік органдар қолдаған әлеуметтік бастамаларының қатарында кредиттік демалыстар, мерзімді әскери қызметін өткергендерге білім алу жеңілдіктерін беру және сарбаздарды жұмысшы мамандықтарына оқыту секілді маңызды мәселелер бар. Қазіргі таңда 4 мыңнан астам сарбаздың 1,5 млрд теңге сомасындағы несиелері кейінге қалдырылды, — делінген Қорғаныс министрлігінің хабарламасында.

Өткен жылы мерзімді қызметін өтеген 615 адам ҰБТ тапсырмай, азаматтық және әскери жоғары оқу орындарына оқуға түсті.  Оқу орталықтарында экономиканың нақты секторында сұранысқа ие 15 әскери-есептік мамандық бойынша 1 195 әскери қызметші дайындалды.