Белгілі болғандай қаладағы №27 мектептің 7 сынып оқушысы партаның шетіне соғылып, жарақат алған, деп хабарлады Jurtmedia.kz
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы берген мәліметке сәйкес оқушы мойын тұсымен үстелге соғылған. Жарақат алған сәтінде-ақ бала тыныс алмай қалған. 12 жастағы оқушы жедел жәрдеммен ауруханаға клиникалық өлім жағдайында жеткізілген.
Жедел жәрдем бригадасы пациентті тамақ тұсындағы және көкірек тұсындағы жарақат диагнозымен алып келді. Ол клиникалық өлім жағдайында болды. Ұйқы күретамырын басып көргенде, тамыры соқпаған, артериялық қан қысымы анықталмаған. Ес-түссіз болды. 30 минут бойы жүргізілген реанимациялық шаралар нәтижесін бермеді. Сағат 11:25-те биологиялық өлім тіркелді, — деп хабарлады облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.
Жағдайға қатысты Ақтөбе облыстық полиция департаменті ҚР ҚК «Балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамау» бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастаған. Барлық қажетті сараптамалар тағайындалған.