Алматыда сақ дәуіріне жататын бірегей алтын әшекей табылды

0
24

Алматы қаласындағы Қарағайлы қорымында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде сақ дәуіріне жататын аю бейнесіндегі алтын мүсінше мен көптеген адам сүйектері табылды. Бұл туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы хабарлайды.

2026 жылы Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен Алматы қаласы музейлер бірлестігі Наурызбай ауданы аумағындағы Қарағайлы қорымында шұғыл археологиялық қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нысаны ерте темір дәуірінің сақ кезеңіне жататын оба болды. Археологтердің мәліметінше, қорғанның диаметрі 25-26 метр, биіктігі шамамен 2,5 метр. Алдын ала зерттеу нәтижелері ескерткіштің б.з.д. IV-III ғасырларға жататынын көрсетеді. Қорған ежелгі заманда тоналған. Тонаушылар қазған шұңқырдың көлемі шамамен 3 метрді құрайды.

Қазба барысында көптеген адам сүйегі анықталды. Алдын ала болжамға сәйкес, обада төрт ересек адам мен үш бала жерленген болуы мүмкін. Дегенмен жерленген адамдардың нақты саны қосымша зерттеулерден кейін белгілі болады. Сонымен қатар сақ дәуіріне тән қыш ыдыстардың сынықтары табылды. Қорғанның ежелгі заманда тоналуына байланысты археологиялық жәдігерлердің басым бөлігі бастапқы орнынан қозғалып, ретсіз шашылып қалған.

Табылған олжалардың ішіндегі ең құндысы әрі ерекшесі аю бейнесінде құйылған шағын алтын мүсінше болды. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл бұйым бас киімді әшекейлеуге арналған. Оның бойындағы арнайы тесіктер алтын әшекейдің бас киімге тігіліп бекітілгенін аңғартады.

Мұндай бұйымдар сақ дәуіріндегі киім үлгілеріне тән. Осыған ұқсас жәдігерлер Қазақстан аумағындағы өзге археологиялық ескерткіштерден де табылған. Мәселен, Есік қорғанынан табылған «Алтын адамның» бас киімінде арқар бейнесіндегі алтын әшекей бар. Ал 2014 жылы Көкқайнар қорымынан бас киімнің сәндік элементі болған барыс мүсіншесі анықталған.

«Қарағайлы қорымындағы зерттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жерлеу рәсімінің ерекшеліктерін нақтылау және жерленген адамдардың санын анықтау мақсатында қосымша ғылыми талдаулар жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жұмыстарға антрополог мамандар да тартылады. Бір обадан адам сүйектерінің әдеттен тыс көп табылуы ерекше қызығушылық тудырып отыр. Өйткені мұндай жерлеу орындары Қазақстан аумағында сирек кездеседі. Әдетте осындай көлемдегі обаларға бір немесе екі адам жерленген», дейді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің аға ғылыми қызметкері Марат Мұғалұлы Нұрпейісов.

Ал бірлестік директоры Ләззат Құдайбергенқызы Сағындықованың айтуынша, аю бейнесіндегі алтын мүсінше Қазақстан үшін бірегей жәдігер саналады. «Бұған дейін елімізде мұндай олжа кездеспеген. Бұл жаңалық Қара теңіз маңынан Алтайға дейінгі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі мәдени байланыстар мен ұқсастықтарды зерттеуге мүмкіндік береді», дейді ол.

Археологиялық зерттеулер толық аяқталып, табылған материалдарға ғылыми өңдеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін құнды жәдігерлерді Алматы музейінің экспозициясына енгізіп, көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр. Айта кетейік, Алматы қаласы музейлер бірлестігі 2022 жылы археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге арнайы лицензия алып, қала аумағында дербес ғылыми зерттеу қызметін бастаған.

Сол жылы Алатау ауданы аумағындағы ерте темір дәуіріне жататын обадан б.з.д. V-II ғасырларға тән сақ жауынгерінің тоналмаған жерлеу орны табылды. Қазба жұмыстары кезінде алтынмен безендірілген қылыштың бөліктері, аң стилінде жасалған алтын әшекейлер, күміс бұйымдар мен адам сүйектері анықталды. 2024 жылы Алатау ауданындағы обалардың бірін зерттеу кезінде адам сүйектерінің бөліктері, қоладан жасалған бекіткіш элементтер мен шегелер табылды.

Бұдан бөлек, «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінде Италия мен Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Заманауи ғылыми әдістер арқылы археологиялық ескерткіштердің жер астындағы құрылымын зерттеуге мүмкіндік туды. Ал 2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын обалардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жерасты жолы анықталды. Осыған байланысты мамандар ескерткіштің құрылымдық ерекшеліктерін, бүліну сипаты мен сақталу деңгейін жан жақты зерттеді.

Осылайша, Алматы қаласы музейлер бірлестігінің археологиялық қызметі тек қазба жұмыстарымен шектелмей, тарихи ескерткіштерді кешенді зерттеу мен сақтауды да қамтиды. Мекеме жойылып кету қаупі бар археологиялық нысандарды зерттеуді жалғастырып, қаланың тарихи мәдени мұрасын қорғауға және жаңа ғылыми деректерді айналымға енгізуге үлес қосып келеді.

Мамандардың пікірінше, Қарағайлы қорымынан табылған алтын мүсінше мен адам сүйектері сақ дәуіріндегі жерлеу дәстүрлерін, сол кезеңдегі мәдени байланыстарды тереңірек зерттеуге жол ашады.