Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданы, Қандыағаш қаласындағы «Тұмар» мейрамханасында 188 адамның улануына кінәлілерге қатысты қозғалған қылмыстық іс тоқтатылды,-деп деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Тергеу кезінде есторан басшылығы мен жеке кәсіпкер өз кінәларын толық мойындаған. Жаппай улану оқиғасы 18–20 маусым аралығында болған.
Зардап шегушілер мейрамханада отбасылық іс-шараларға (той, садақа) қатысқаннан кейін ішек инфекциясы белгілерімен (құсу, іш өту, дене қызуының көтерілуі) ауруханаға түсе бастаған.
Муғалжар аудандық санэпидбақылау басқармасының мәліметінше, стационарға 188 адам түскен, оның 15-і — 14 жасқа дейінгі балалар. Балалар мен жүкті әйелдер Ақтөбедегі облыстық инфекциялық ауруханаға жіберілген.
Азық-түлік үлгілерінен ішек инфекциясын қоздырғыштар табылды. Санэпидемиологтар санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың өрескел бұзылғанын, тамақ дайындау мен сақтау технологиясының сақталмағанын, персоналдың жеке гигиена ережелерін сақтамай, медициналық тексерусіз жұмыс істегенін анықтады. Оншақты пациентте сальмонеллез белгілері байқалды,- делінген аудандық аурухана берген мәліметте.
Аталған дәйек бойынша, ҚР ҚК-нің 304-бабы (Санитариялық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын. Алайда, Ақтөбе облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қылмыстық іс ҚР жаңа Конституциясының күшіне енуіне байланысты жарияланған «Рақымшылық туралы заңына» сәйкес амнистия актісін қолданылып тоқтатылған.
Фото: ашық дерекөзден
