Ресейдің Омбы қаласындағы құрылыс нысанында болған өрт салдарынан Қазақстан азаматы Максим Багинский қаза тапты
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше марқұм 18 тамызда ауруханада қаза болған. Ведомство оның отбасы мен жақындарына қайғырып көңіл айтты. Сондай-ақ Ресейдегі Қазақстан елшілігі тарапынан барлық тиісті көмек көрсетіліп жатқанын жеткізді.
Қазақстанның Омбы қаласындағы Бас консулдығы құжаттарды рәсімдеуге және Ресейдің құзыретті органдарымен азаматтың қаза болу мән-жайларын анықтауға қатысты өзара іс-қимылды қоса алғанда, барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп жатыр. СІМ марқұмның отбасымен байланыста және өз құзыреті шегінде қажетті жәрдем көрсетуде, – деп хабарлады Сыртқы істер министрлігінен.
Бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, Омбыдағы құрылыс нысанындағы өрт 15 тамызда болған. Оқиға салдарынан екі жұмысшы қаза тапты, олардың бірі 2002 жылы туған Қазақстан азаматы болып шықты.
Алдын ала ақпарат бойынша, қазақстандық денесінің 70%-ын күйік шалып, 18 тамызда ауруханада көз жұмған. Сондай-ақ жас жігіттің нысанда мердігер ретінде қызмет атқарған «Глобал инжиниринг» компаниясының қызметкері екні анықталды.
Ресейлік тергеушілер өрттің себептерін және құрылыс алаңындағы қауіпсіздікке жауапты тұлғаларға қатысты тергеу жүрып жатқанын мәлімдеді.
Фото: КазТАГ
