Астанада маусымдық ЖРВИ мен тұмау жұқтыру деректері артып келеді,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Осыған байланысты елордадағы медициналық ұйымдардың жұмысы күшейтіліп, стационарлардағы төсек-орын саны артты.
Қалалық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаева мен Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айдын Әшімхановтың мәліметінше, қазір қалалық стационарларда ЖРВИ және тұмау диагнозымен 313 науқас емделіп жатыр. Оның 220-сы – бала, 30-ы – жүкті әйел.
Ал алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарында 2 569 науқас амбулаториялық ем қабылдап жатыр. Олардың 1 551-і – бала, 20-сы – жүкті әйел. Бұдан бөлек, емханалардың бақылауында ЖРВИ жұқтырған 4 559 адам бар.
