Мемлекет басшысы саяси науқанды жоғары деңгейде өткізу керектігін айтты, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
«Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі – ұлт тағдырына тікелей әсер ететін тарихи оқиға. Тұғырына қонған Ата заңымыз аса ауқымды қоғамдық-саяси үдерістер кезеңіне жол ашады», — деді президент парламент палаталарының бірлескен соңғы отырысында.
Конституция күшіне енген күннен бастап бір ай ішінде Қазақстан Республикасының Президенті Құрылтай сайлауын жариялайды және ол екі ай ішінде өткізіледі.
«Алдағы сайлауда ашық, адал және әділ бәсеке болуға тиіс. Қазақстан халқы – қоғамдағы түбегейлі өзгерістердің негізгі қозғаушы күші. Азаматтармыз елдің ертеңіне бей-жай қарамай, шешуші сәтте таңдау жасауға қабілетті екенін айқын көрсетіп келеді. Бұл – жауапкершілігі жоғары, бірлігі бекем, рухы және мәдениеті биік ұлттарға ғана тән қасиет. Сайлауға қатысу – елдік істен шет қалмау деген сөз. Осы ретте жұртымыз алдағы саяси науқанға белсене атсалысады деп сенемін», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
