Венесуэла басшысы Николас Мадуроның басына нағыз қаралы күн енді туды, деп жазады Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
АҚШ президенті Ресейдің жақтасы Венесуэланы қыспаққа ала бастады. Трамптың тықыры таянғалы Мадуродан маза кетті. Алпауыт америка Венесуэла президентін 2020 жылдан бастап қыспаққа ала бастаған еді. Екі ел қазір әскери қақтығыс алдында. Трамптың алғашқы президенттік мерзімінде АҚШ есірткі тасымалдаушыларға қарсы күрес ашты. Сол жылы АҚШ Қаржы министрлігі Мадуро мен оның жақтастарын «есірткі саудасының демеушісі» деп жариялап, Мадуроның жеке басына бәйге тікті. Оны тұтқындауға көмектескендерге 50 млн доллар берілетінін айтты.
АҚШ-тың тегеуріні тым қатты. «Мадуроны биліктен түсірмей, тыным таппаймыз», — деп табандап отыр. Саяси жағдайларға шолу жасайтын Нұргелді Әбдіғани АҚШ соққы жасауға дайын деп санайды.
«Мадуро болса Трампты райынан қайтара алмай шыр-пыр болуда. Ал 2025 жылдың қаңтарында Трамп Ақ үйге қайтып орала салысымен, бұрын басталған есірткі ағынымен күресті қайта жандандырды. Венесуэла маңына АҚШ әскерін топтастыруда. Ондаған ұшақ, десанттық кемелер, сүңгуір қайық, 5 мыңнан астам арнайы жасақ сарбаздары және соққы жасаушы дрондар Венесуэлаға 700 шақырым жерде топтастырылды», — деді ол.
Сарапшылар АҚШ билігі есірткі тасымалдаушы топтарға ғана емес, Венесуэла билігіне де соққы жасауы мүмкін деп санайды.
Мадуро жанын қоярға жер таппай әлек. Әуелі ол Ресей, Қытай, Иран мен Солтүстік Корейден әскери көмек сұрады. Онысы орындала қойған жоқ. Артынша ол толықтай ұрысқа дайындалып, қолда бар қаруы мен техникасын шекараға тізді. Бірақ, АҚШ-тың тегеуріні бет қаратпай тұрған соң, ол АҚШ-қа бірнеше мәрте үндеу жасап (ағылшын тілінде) Трампты соғысу райынан қайтаруға әрекеттенді.
«Сондай амалдардың бірі күні кеше ғана Мадуро Джон Леннонның әйгілі «Imagine» әнін шырқай жөнелді. Бұл ән соғысқа, қантөгіс пен қақтығысқа қарсы шығып, бейбітшілікті насихаттайтын туынды саналады. Содан кейін ол АҚШ-қа елдің орасан зор мұнай қорына жол ашатын бұрын-соңды болмаған келісімді ұсынды», — деді саясаттанушы.
«Politico» басылымы өз дереккөздеріне сүйене келе, Трамп көршісінің көзін құртпай тоқтамақ емес.
«АҚШ президентінің әкімшілігі Мадуроны биліктен кетірген соң, оны елден қумақ. Мадуроға саяси пана болатын бірнеше нұсқа ұсынылмақ. Олардың қатарында Ресей, Куба, Түркия мен Әзірбайжан бар», — деп жазды.
АҚШ қазір Мадуроның болашағына қатысты бірнеше нұсқаны қызу талқылауда. Олар:
Бірінші нұсқа – Мадуроны биліктен түсірген соң, оны елден қуып жіберу.
Екінші нұсқа – Мадуроны дереу тұтқындап, АҚШ сотымен соттау. АҚШ-тың есірткі ағынымен күресі Мадуро билігін әлсіретіп, ел оны биліктен өзі құлатады.
Үшінші нұсқа – өзге елдерден жеке күзет фирмаларын жалдап, Мадуроның орнына келетін билікті күзету. Ал Мадуроны ашынған халықтың талан-таражысына салу.
«Politico» басылымы: «2024 жылдың желтоқсанында Сирияда оппозиция көтеріліп, билікті өз қолына алған соң, сол кездегі президент Башар Асад бас сауғалап Мәскеуге барған. Ресей Башар Асадқа пана берген. Сол жағдай Мадуроға қатысты қайталануы әбден мүмкін», — дейді.
Коллаж: Jurtmedia
