«Алатау» дәстүрлі өнер театры ауылдарды аралап қайтты

Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының шығармашылық ұжымы Алматы облысының Нарынқол, Кеген, Шонжы, Шелек аудандары мен Жаркент және Есік қалаларына гастрольдік сапармен барып қайтты, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Халқымыздың асыл мұрасы ұлттық өнерімізді ұлықтаған сапарда театр өнерпаздары көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп, елмен қауышқан ерекше сәттерге толы болды.

Театрдың ерекшелігі  –  қойылымдардың барлығы тек жанды дауыста және 20-дан астам ұлттық аспапта шебер ойнайтын «Алатау» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен көрерменге ұсынылды. Труппа құрамында «Алатау» би ансамблі, ақындар, дәстүрлі ән орындаушылары және талантты жас актерлер өздерінің өнерлерін паш етті.

Театр осы сапарында дәстүрлі өнеріміздің барлық бағыттарын ерекше қырынан көрсететін  «Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші, өскелең ұрпаққа халқымыздың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дәріптейтін «Әгугай мен Игигай» атты ертегілік қойылымы сынды  көрерменнің көңілінен шыққан әр жанрдағы қойылымдарды көрермен назарына ұсынды.

«Алтыбақан» ойын-сауық ән кеші – жастарға арналған тамаша дәстүрімізді бар қырынан көрсететін қойылым болды. Аталған ән кешінде бес мектеп бойынша (Арқа, Жетісу, Батыс, Сыр, Алтай-Тарғыбатай) попури айтылды. Көкбай Жанатайұлының сөзіне жазылған Алаш Ордашылардың гимні де шырқалды.

«Әгугай мен Игигай» халық ертегілері желісі бойынша  құрастырылған, балаларға арналған музыкалық ертегі-шоу. Заманауи үлгідегі ерекше формадағы балаларға арналған қойылым  салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызбен астарланған ертегілер өскелең ұрпаққа керек ұлттық тәрбиеге негізделген. Театр репертуары барлық жас санатын қамтитын қойылымдармен ерекшеленеді.

 Сапарымыздың мақсаты – қазақ халқының дәстүрлі мәдениеті мен өнерін сақтап, оны жаңғырту және көпке танылту. Еліміздегі дәстүрлі өнер бағытындағы бірден-бір театр тек Алматы қаласымен шектеліп қалмай алдағы уақытта Жетісу облысы, Оңтүстік пен Шығыстағы облыстарды қамтитын гастрольдік сапармен баруға дайындалып жатыр. Дәстүрлі өнер – ұлт құндылығы. Ұлттық құндылықтарымызды бойымызға сіңіру арқылы ғана өзіміздің болмысымызды сақтап, дамыған елдердің алдыңғы қатарына шыға аламыз,- дейді өнер ұжымы. 

Айта кетейік, «Алатау» дәстүрлі өнер театры Орталық Азиядағы жалғыз дәстүрлі өнер театры болып табылады.

Фото: Театрдың баспасөз қызметінен.

Ардақ Беркімбай