Елордадағы Орталық саябақта абаттандыру жұмысы басталды. Жаңарту жұмысы 15 мың шаршы метрден астам аумақты қамтиды. Бұл – «Қазақстан күні» монументінен бастап Есіл өзенінің жағалауына дейінгі бөлік, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды.
Абаттандыру жұмыстары ескі және зақымдалған гранит плиталарды жаңартып, көше жиһаздарын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарынан басталады.
Сондай-ақ жарықтандыру жүйесі, сәндік шамдар мен субұрқақ кешенінің коммуникацияларын қоса алғанда, инженерлік желілерге ауқымды жаңғырту жасалады. Жаңартудың басты элементтерінің бірі – субұрқақ бойындағы аллея болады. Мұнда 150-ден астам жөке және шырша ағашы отырғызылады. Жаңа ағаштар саябаққа ажар беріп, серуендеуге қолайлы жайлы орта қалыптастырады,- деп жазды дереккөз.
Жөндеу кезінде саябақтағы жаяу жүргіншілер бөлігі ішінара жабылады, дегенмен аллеяның бір жағы келушілер үшін ашық болады. Аудан әкімдігі уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды.
Саябақты абаттандыру – елорданың жасыл қорын көбейту және қоғамдық кеңістіктерді жақсарту жөніндегі жүйелі жұмыстың бір бөлігі.