Қазақ әдебиеті алыптарының бірі, жазушы, драматург, киноценарист, Қазақстанның Еңбек ері Әкім Үртайұлы Әшім 92 жасқа қараған шағында өмірден озды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Әкім Үртайұлы Әшімов (Әкім Тарази) 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматы қаласында дүниеге келген.
Әкім Таразидің «Тасжарған», «Қорқау жұлдыз», «Шер», «Қиянат», «Мұстафа Шоқай», «Москва – Баласаз» романдары, «Ауыл шетіндегі үй», «Тәж», «Махаббат жыры», «Көк аспанда қырағы көз бар», т.б. әңгіме-эсселері мен повестері, «Жолы болғыш жігіт» пьесалар жинағы жарық көрген. Сондай-ақ, 2023 жылы мамыр айында қаламгердің 12 томдық жинағының тұсаукесер рәсімі өткен болатын.
Әкім Таразидің сценарийлері бойынша түсірілген «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай», «Қызжылаған» фильмдері қазақ киносының алтын қорына енді.
Сонымен қатар қаламгердің «Күлмейтін комедия», «Жақсы кісі», «Жолы болғыш жігіт», «Ақын, періште, махаббат», «Індет», «Махамбет», «Лайнер», «Үкілі жұлдыз», «Қыз махаббаты» және өзге де драматургиялық шығармалары еліміздің театр сахналарында қойылды. Жазушының көптеген туындылары орыс, қытай, поляк, болгар және ағылшын тілдеріне аударылған.