2021 жылдың жаз мезгілінде Түркістан облысы, Төлеби ауданында жергілікті тұрғын полицияға 16 жастағы қызының жоғаып кеткенін айтып, арызданған,-деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Polisia.kz. сайтының жазуынша жақында облыс полицейлері 4 жыл бұрын жоғалып кеткен қызды тауып, анасымен қауыштырған.
Ақпарат алысымен тәртіп сақшылар барлық қажетті тергеу әрекетін атқарған. Бірнеше жыл өтсе де тұрғынның арызы негізінде іздеу ісі жалғасып, нәтижесінде 2025 жылдың қаңтар айында бір-бірінен көз жазып қалған анасы мен қызының кездесуіне ықпал етті. Қызымен қауышқан сәтте анасы қуаныштан көз жасын жасыра алмады.
Қызымнан хабарсыз қалып, нендей жағдайда екенін біле алмай жүрген күндер артта қалды. Көп рақмет сіздерге. Арасында өздеріңізге де сенімсіздік білдірген едім, бүгін міне үмітім ақталып отыр. Сіздерге алғысым шексіз, — деген анасы полицейлерге шынайы ризашылығын жеткізді.
Полиция жас қызды Алматы қаласындағы тамақтану орындарының бірінде жұмыс жасап жүрген жерінен тапқан.
Бүгінде қыздың осынша уақыт қайда, не себеппен хабарсыз кеткенін анықтау шаралары жүргізіліп жатыр. Полицейлер осы жағдай бойынша мұқият тергеу жүргізіп, оқиғаның толық мән-жайын анықтайтын болады, -делінген дереккөз таратқан ақпаратта.