Сөз бостандығы үшін мыңдаған адам шеруге шықты

Түркияның Ыстанбұл қаласында мыңдаған адам тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қолдап, сөз және баспасөз бостандығын талап етіп, наразылық шеруіне шықты,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Шеруге бірнеше күн бұрын полицияның Sözcü TV телеарнасының ғимаратына кіріп, басшылығын ұстауы себеп болған. Сонымен қатар телеарнаны басқару құқығы билік тағайындаған сенімді өкілге берілген.

Соңғы бір жылда Түркияда тәуелсіз БАҚ жұмысына араласуға қатысты осындай жағдай үшінші рет тіркелген. Бұған дейін Tele1 және Halk TV телеарналары мен T24 интернет-басылымы да билік өкілдерінің араласуына тап болған. Шеруге қатысушылар елде тәуелсіз журналистикаға қысым күшейгенін айтып, редакциялардың еркін жұмыс істеуін талап етті.

Соңғы екі айда ірі инвестициялық қор төңірегіндегі дау туралы ақпарат таратқан бірнеше журналист те ұсталған. MLSA құқық қорғау ұйымының мәліметінше, қазір Түркияда 25 журналист түрмеде отыр.

Наразылық білдірушілер журналистерді қудалау мен редакция жұмысына араласу баспасөз бостандығына кері әсер ететінін алға тартты.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика