Мәсімовтің бұрынғы күйеубаласы тергеуді ҰҚК-ге беруді сұрады

«ҚазТемірТранс» АҚ-ның бұрынғы вице-президенті Азамат Кәпенов өзіне қатысты қылмыстық істі тергеуді Қаржылық мониторинг агенттігінен Ұлттық қауіпсіздік комитетіне беруді сұрап, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш жолдады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Кәпеновтің айтуынша, мұндай өтініш жасауына «Самұрық-Қазына» қоры мен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшылары Нұрлан Жақыпов пен Елжас Орыншиевтің ұсталғаны себеп болған.

Ол тергеу барысында өзіне қарсы қылмыстық қудалауды ұйымдастыруға қатысы бар деп санайтын адамдардың ізіне түскенін мәлімдеген.

Сондай-ақ Кәпенов мемлекеттік аудит жүргізуді, тексеру нәтижесінде мемлекетке залал келтірілмегені анықталса, қылмыстық қудалауды тоқтатуды және рейдерлік басып алу дерегімен тергеу бастауды сұраған.

Қаржылық мониторинг агенттігі Азамат Кәпеновті қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланды және қаражат жымқырды деген күдікке ілген. Тергеу нұсқасына сүйенсек, ол өзіне қатысы бар компанияларға жүк вагондарын пайдалану кезінде заңсыз артықшылықтар берген. Соның салдарынан «ҚазТемірТранс» АҚ-ға 5,2 млрд теңгеден астам залал келтірілген.

Қазір Кәпенов халықаралық іздеуде жүр. Сот оны сырттай қамауға алу туралы санкция берген. Биыл сәуірде оған қатысы бар «Достық» стансасындағы терминал сот шешімімен мемлекет меншігіне қайтарылған. Ал Кәпенов компанияға залал келтіргенін жоққа шығарып, терминал ата-анасына тиесілі бизнес болғанын мәлімдеген.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика