Қазақстанда пациенттердің дербес медициналық деректерін қорғау тетіктері күшейтіліп, денсаулық сақтау саласын цифрландырудың құқықтық негіздері жетілдіріледі. Бұл туралы денсаулық сақтау мәселелері бойынша заң жобасында көзделген деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Заң жобасы аясында медициналық практикаға ақпараттық жүйелер мен электрондық сервистерді енгізу қарастырылған. Сонымен қатар Қазақстан аумағында жүргізілетін биомедициналық зерттеулер туралы мәліметтерді қамтитын ақпараттық ресурс қалыптастыру көзделіп отыр. Құжатта трансляциялық зерттеулер мен трансляциялық медицина ұғымдары да заңнамалық тұрғыдан айқындалады.
Бұдан бөлек, пациенттердің жеке медициналық мәліметтерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету тетіктері күшейтіледі. Сондай-ақ ағзаларды, олардың бөліктерін және тіндерді трансплантациялау тәртібі нақтыланып, бұл рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етуге басымдық беріледі.
Заң жобасында жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған денсаулық сақтау ұйымдарында тәрбиеленетін балалардың болу мерзімдері де белгіленген.
Атап айтқанда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және АИТВ инфекциясын жұқтырған балалардың мұндай ұйымдарда болу мерзімі туғаннан бастап үш жасқа дейін, ал психикалық және физикалық дамуында бұзылыстары бар балалар үшін төрт жасқа дейін айқындалады.
