«Айбергенов атындағы сағыныштың» авторы

Бүгін көзі тірі болғанда ақын, композитор, ғалым-ұстаз Бекжан Әшірбаев 52 жасқа толар еді. Jurtmedia ақпараттық-сарапталық порталының тілшісі, өнер тарланының дүние есігін ашқан күніне орай, ақынның курстас досы, белгілі публицист-жазушы ҚР Президент сыйлығының иегері Болатбек Төлепбергеннің естелігін жазып алды. 

1991 жылы ҚазҰУ-дың Журналистика факультетіне оқуға түскен курстастарымыздың ішіндегі Бекжан Әшірбаев есімі тез танымал болды. Алғашқы туындысы — «Көршінің қызы» әні отырыстарда, студенттік ортада және жатақханаларда жиі айтылып, танымалдығы бірден арта бастады. Енді той-жиын, концерттер  «Көршінің қызынсыз» өтпейтін болды. Сөйтіп, алғаш  Бекжан Әшірбаев есімді ақын, композиторды өнер әлеміне әйгіленді. Одан кейін де орындаушысын да тапқан, тыңдарманын да тәнті еткен әндер дүниеге келіп жатты.

Сан қырлы талант иесі ақын Бекжан Әшірбаев поэзияда өзінше өрнек салды. Басқаларға ұқсамады. Қоғамдағы құбылыстарды оқырманына салмақты ой, сарабдал суретімен жеткізді. Ақындардың өзіне еріксіз езу тартқызып, «бұлай да жазуға болады екен ғой» дегізеді. Тұңғыш поэзиялық жинағы «Қоңыр әуен»-нен 2024 жылы «Атамұра» баспасынан жарық көрген «Айбергенов атындағы сағыныш» кітабының арасында тез өсті, жедел дамыды.

Айтыскер ақын Бекжан Әшірбаев аталған өнерге өз жаңалығын ала келді. Бекең айтыскер ақын ретінде сахнада көп жүрмеуінің өзіндік сыры бар. Оның айтыскерлік айтқыштығын көрермен ғана емес, әділ қазылардың өзі сол сәтте жете түсіне қоймады. Соны тіркес, кесек ойлар ағынын сәтінде қабылдай алмады. Алайда, жеңіл әзіл, арзан әжуамен қауымды өзіне қаратып, ұпай жинаудан Бекең бойын аулақ ұстады. Айтыстан машина мінейін деп жанықпады. «Үнемі бас жүлде алу мен оны алмаудың сезімі бірдей» дейтіні содан болса керек.

Журналист Бекжан Әшірбаев өзінің төл мамандығы бойынша баспасөз саласында да өнімді еңбек етті. Газет шығару ісінде ысылды, кәнігі кәсіби маманы болды. Бірқатар басылымға басшылық жасады.

Ғалым, ұстаз  Бекжан Әшірбаев әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің Журналистика факультетін бітірген 1996 жылдан бері аталған оқу орнында аға оқытушы қызметін атқарып келді. Бекеңнің тәрбиесін алған талай шәкірттері бүгінде еліміздің түрлі бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет істеп жүр. Ал Бекеңнің ғалымдық қырына келсек, қызмет бабымен жүріп, жасы егде тартса да  Журналистика факультетінің PhD доктарантурасына оқуға түсіп, тамамадап шықты. Осы күзде «Қазақстандағы сөз бостандығының құқықтық негіздері мен әлеуметтік жауапкершілігі» тақырыбында докторлығын әні-міне қорғағалы жатыр еді….

«Айбергенов атындағы сағынышы» бар ақын Бекжан Әшірбаев 2024 жылы елуге толды. «Бөке, аудан басшылығымен келістім, елу жылдығымды аудан өткізетін болды. Мақтаралға барамыз» — деді. Алайда, талантты ақынның мерейтойы атаусыз қалды. Туған жерін — «Мақтааралым – мақпал әнім», «Сырдария ағысы» деп, әнге қосып, аталған туындыларды танымал әндерге айналдырған Бекеңнің еңбегі ескерусіз қалды. Күні кеше дімкәс жүрегі   кенеттен тоқтап, «Көктөбеге шақыру», «Сен жүрген көшелер шамсыз да жарық» деп, әнге қосқан аяулы Алматысынан да елеусіз туған жеріне аттанғаны жанға батты.Талантты бағалуда үнемі кеш қалып жүретініміз несі?

Ақпарат және «Мәдениет саласының үздігі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, «Қазақ авторлары қоғамының» мүшесі, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», талантты ақын-композитор, мықты журналист, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз, адал дос, алтын әріптес hәм аяулы азамат Бекжан Әшірбаевтың нұры пейіште шалқығай!

Болатбек ТӨЛЕПБЕРГЕН

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика