Бүгін ақын, журналист, композитор, ұстаз Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, марқұм Бекжан Әшірбаевтың туған күні. Ол шығармашылдығынан бөлек тапқыр теңеу мен тосын пікір айтудың да шебері болған. Jurtmedia порталы ақынның туған күніне орай онымен қатар жүрген бір топ аға, іні достарының естерінде қалған естеліктерін беріп отыр.
Темірғали КӨПБАЙ, ақын, ұстаз, баспагер:
Соңғы жылдары Бекжан Әшірбаев екеуміз жақын туыстай араластық. Мен аға, ол іні болып жиі сырласатынбыз. Университеттегі сабақ кестесі сәйкес келген күндері үзіліс сайын жолығып, сөйлесетін едік. Кесте бойынша жүріп жатқан дәрістердің арасындағы он минуттық үзілісті үнемі бірге өткізетінбіз. Бір-бірімізді көргенше асығып тұратын болдық. Әңгімеміз таусылмайды.
Мен шылым шегемін, ол насыбай атады. Үзіліске шыға сала темекі тартатын арнаулы орынға қарай асығамыз. Кездесетін жеріміз сол орын. Бір күні менің бронхитым асқынып, жөтелім күшейіп, сырқатым меңдеп кетті. Дәрігерлер темекі тартуға тиым салы. Рахаттанып шылым шеге алмай қалдым. Бірақ, сонда да болса құмарымды қандыру үшін арасында ұрланып тартып қоямын. Тартамын да күрк-күрк жөтелемін. Менің қиналып жүргенімді байқаған Бекжан:
– Аға, сізге темекіні тастау керек,– деді.
– Қырық жыл серік болған тамырымды қалай тастаймын? Жоқ, тастай алмаймын.
– Сізге темекіні тастаудың ең оңай жолын айтайын ба?
– Ал, айта ғой.
– Насыбайға көшіңіз. Атамыз атқан насыбай ғой. Өкпеге еш зияны болмайды.
– Ой, қой! Баяғыда Бекболаттың насыбайын атып көремін деп ернімнің бір қабат терісін ойып түсірген.
– Темекінің әртүрлісі болатыны сияқты, насыбайдың да түр-түрі бар ғой. Оятыны бар, оймайтыны бар.
– Ол жағын ажырата алмаймын.
– Қасыңызда мен тұрған жоқпын ба? Нағыз профи насыбайшымын. Қаласаңыз тегін-ақ кеңес бере аламын,– деді ол күліп.– Ашуы қатты насыбай, ашуы жоқ насыбай, жасыл насыбай, қоңырқай насыбай, домалақ насыбай, ұзынша насыбай, Келестің насыбайы, Шорабазардың насыбайы деген түрлері бар. Мен атып жүрген насыбай сізге дәл келеді. Ерніңізді оймайды.
– Сен қандай түрін атасың?
– Ашуы жоқ домалақ насыбай. Міне, мынау,– деп ол жан қалтасынан шақшасын шығарды. Шақшасын қолыма алып қарадым. Ол алақаныма бір шөкім насыбай салды. Он алтыншы мылтықтың бытырасы сияқты дөңгеленген насыбай екен.
– Енді атып көріңіз. Бұның кайфы бөлек болады.– Ол өзінің алақанына көбірек көсіп алып, ернінің астына атып жіберді. Мен де амалдап азғантайын астыңғы ерін мен тістің арасына қыстырдым. Бірден басым айнала бастады.
– Мынауың бірден басқа шапты ғой,– дедім күліп.
– Бұның қызығы сол ғой. Темекі болса зиян. Қаныңызды қойылтып, өкпеңізді қарайтады. Ал насыбай болса басыңды айналдырады да қояды. Міне, кайф. Негізі біздің аталарымыз білген ғой, ненің зиян, ненің дұрыс екенін. Бір атым насыбай үшін өкпелесіп жүретінін айтсаңызшы. Біздің жазушылардың ішінде Ақселеу Сейдімбек, Кәдірбек Сегізбаев, күйші Секен Тұрысбек нағыз таңдап ататын насыбайшылар. Сіз енді темекіні қойыңыз. Насыбайға көшемін десеңіз осы шақшамды сізге сыйлайын. Темекі тартпаңыз,– деп ол шақшасын қолыма ұстатты.
– Өзіңе керек емес пе?
– Үйде тағы біреуі бар. Мен амалдаймын. Сіз осыны алыңыз. Ең бастысы темекіні қойыңыз.
– Жарайды. Осыдан темекіні қойып кетсем әжеп болмас. Көрейін,– деп оның шақшасын қалтама салып алдым. Бір қорап темекіні қоқыс жәшігіне лақтырып жібердім.
– Оһ, міне, енді дұрыс болды.– Ол баладай қуанып қалды.
Бір өкініштісі темекіні сол бойы тастай алмадым. Қазір темекі де тартамын, насыбай да атамын. Бекжанның шақшасын қолыма алған сайын бауырымды сағынышпен еске аламын.
Асқар ДҮЙСЕНБІ: ақын, композитор, ғалым:
Бекжанмен соңғы үш-төрт жылда етене жақын араласып, сыйласып сырлас дос болып кеттік. Ойымыз бен пікіріміздің ортақтығы да арамызды жақындата түсті. Бекжанмен әңгімелескен сайын жаңа бір кітап оқығандай әсерде қалатынмын. Өйткені ол үнемі ізденіс үстінде жүретін, қандай мәселе қозғасаң да, өзіндік пікірі мен пайымы бар, айтары салмақты азамат еді.
Әсіресе әдеби процесті соншалықты жетік білетініне таңғалатынмын. Кейде тіпті: «Неге филология факультетінде оқымады екен?» деп те ойлайтынмын. Өзіне дейінгі аға буын ақындардың шығармашылығын жіті қадағалап, олардың поэзиясындағы көркемдік қуат пен ой тереңдігін тап басып танитын. Әдеби құбылыстарға баға бергенде де құр мақтауға салынбай, уәжін нақты мысалмен дәлелдейтін. Бүгін осы естелікте Бекжанның әдеби танымының тереңдігіне, тапқырлығы мен өткір уәждеріне көбірек тоқталғым келеді.
Бекжан темекіні де, насыбайды да қатар пайдаланатын.
– Бекжан-ау, осының біреуін ғана қолдануға болмай ма? – деп қалжыңдаймын.
– Асеке, машинаң немен жүреді? – деп қарсы сұрақ қойды.
– Бензинмен.
– Ал біздікі газ-бензин ғой, – деп иығы селкілдей күледі.
– Ай, сенің де айтпайтының жоқ екен! уәж болды! – деп мен де қосыла күлдім.
Бір қарағанда, жай ғана қалжың. Бірақ Бекжанның әдеттегі жауаптарының өзінде тосын теңеу, ұтқыр ой, астарлы әзіл жататын.
Бірде журналистика және филология факультеттерінде оқитын студенттердің ұқсастығы мен айырмашылығы туралы әңгіме қозғады. Екеуі де сөз өнерімен қаруланады, бірақ ойлау жүйесінде өзгешелік бар екенін мысалмен түсіндірді.
– Мысалы, журфактың студентіне: «Жүр, тамақ ішейік» десең, «Ақшам жоқ» деп турасын айта салады. Ал филфактың студенті «Қалтам тесік» дейді. Байқадың ба, филолог тұспалдап сөйлейді. Бір ауыз сөзбен-ақ жағдайын бейнелеп жеткізеді. Бұл – көркем ойлаудың белгісі, – дейді.
Осы бір қарапайым салыстырудың өзінен Бекжанның сөз табиғатына деген сергек көзқарасы, әр нәрседен мән іздейтін зеректігі аңғарылатын.
Тағы бірде ақын інілерімен кездесуден кейін шай үстінде шығармашылық жайлы қызу әңгіме өрбиді. Сонда қасында отырған бір ақын інісі жақында жазған «Екі бақа» атты шығармасын әнші әріптесіне орындатыпты. Шығарманың баяны біраз ұзақтау болса керек. Жырды үзуге ыңғайсызданып, бәрі сабырмен соңына дейін тыңдап шығады.
Туынды аяқталған соң, автор Бекжан ағасының пікірін білгісі келіп:
– Беке, қалай екен? Не дейсіз? – деп сұрайды.
Сонда Бекжан сәл ойланып алып:
– Әй, сол бір бақаңды қысқартасың-ау деймін, – деген екен.
Бір ауыз сөз! Әрі сын, әрі кеңес, әрі қалжың. Шығарманың кемшілігін бетке айтып, көңілге тимей жеткізудің өзі бір өнер болса, Бекжан соның шебері еді.
Ойлап отырсам, Бекжанның осындай тапқыр сөздері мен тосын уәждері бір адамның ғана мінезін танытатын естеліктер емес. Бұл – қазақ қаламгерлерінің ортасындағы сөз сайысының, әзіл мен астарға құрылған зиялы әңгіме мәдениетінің бір үзігі. Егер Бекжанның осындай ұтқыр жауаптары мен тапқырлықтарын жинақтап, жүйелеп жариялауға мүмкіндік болса, қазақ қаламгерлерінің өмірінен ұсынылатын «Деген екендер» топтамасына кәдімгідей олжа болар еді.
Бекжанның ерекшелігі – көп сөйлеуінде емес, дәл сөйлеуінде еді. Кейде бір ауыз сөзі тұтас бір әңгіменің түйінін тарқатып, кейде ұзақ талқылаудан гөрі әлдеқайда терең ойға жетелейтін.
Ай, Бекжаным-ай! Сөздің парқын білетін, ойдың нарқын бағалайтын, әр сөзіне мінезі мен болмысы сыйып тұратын бөлек бітімді азамат едің ғой… Бар болсаң, бүгін 52 жасқа толар едің. Талай татымды ойыңмен, талай тапқыр сөзіңмен ортамызды әлі де талай мәрте күлкіге бөлеп, ойға қалдырар едің. Бір кем дүние…
Бауыржан ӘЛІҚОЖА, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты:
Қазақ руханиятында сөз өнерінің бірнеше саласын қатар өрбіткен дара тұлғалар сирек. Сондай сирек дарындардың бірегейі – ақын, сазгер, айтыскер, журналист әрі ұлағатты ұстаз Бекжан Төребекұлы Әшірбаев еді. Небәрі елу екі жасқа қараған шағында дүниеден озған ақынның артында өшпес өлеңі, әуезді әні және шәкірттерінің санасында жатталған тапқыр сөздері қалды. Ол туралы ой толғағанда, көз алдымызға биязы мінезді, сабырлы қалпының ар жағында қанжардай өткір логикасы бар парасатты азаматтың бейнесі келеді.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетінде дәріс оқып, «Қазақ университеті», «Азамат.кз», «Ел мен Жер», «Қазақ әдебиеті», «Заң» газеттерінде басшылық ете жүріп журфакпен арасын үзбей ұстаздық етті. Ол шәкірттеріне ақпаратты тексеру – фактчекинг табиғатын ежелгі «Аристотельдің шыбыны» мысалымен түсіндіретін.
«Ұлы ойшыл Аристотель «шыбынның сегіз аяғы болады» деп жазып кеткен екен. Кейінгі ғалымдар ғасырлар бойы ұлы тұлғаның беделіне сеніп, ешкім шыбынды ұстап алып аяғын санап көрмепті. Сөйтсе, шыбынның алты-ақ аяғы бар екен. Журналист ешқашан біреудің беделіне көзсіз сенбеуі керек, бәрін өз көзімен тексеруі тиіс», – деп шегелейтін еді.
Жас ақындар сиясы кеппеген жаңа жырын басылымға жариялатуға әкелгенде Бекең жымиып қарап:
«Қағаз жатқан сайын ақылды болады. Мен кез келген өлеңді оқысам, оның ұйқасын алып тастап, қарасөзге айналдырып көремін. Сонда не қалады екен деген сұрақ тұрады көңілімде. Өкінішке орай, ұйқасын алып тастасаңыз көптеген жырларда «ҚазАқпараттың» ақпараты қалады… Алатау туралы өлеңдерде географиялық өлшемдер мен қанша шырша бар екені қалады. Поэзия ол емес. Қазақ әдебиетінің белді өкілі Есенқұл Жақыпбековтың бір өлеңінде «Алатаудың арқасын бұлт қасыған» деген тіркес бар. Поэзия осы арадан бастау алады. «Алатау, сен не деген көркем едің?!» деген жолда тек таңданыс қана бар. Одан ешқандай көркемдік таппайсыз. Ал таудың арқасын бұлт қасымайтыны анық, бірақ ақындық қиял мен суреткерлік ұштасқанына тәнті болмай тұра алмайсыз», – дейтін.
Оның бұл сөзі – кез келген дүниенің пісіп-жетілуі үшін уақыт пен салқынқанды сүзгі керек екенін меңзейтін терең ұстаным еді. «Бал арасы бал жинау үшін күніне 80 мың гүлдің шырынын сорады дейді ғой биологтар, сол секілді өлеңде ізденістен, образдан туады. Шығармашылық адамына тоқмейілсіп, болдым-толдым деуге болмайды»-деп жас таланттарға бағыт-бағдар беретін. Сосын сөзін жалғап, «нарық заманы арқаны кеңге салып жүруді көтермейді. Жазу-сызу саласында өз атын қалыптастырып, өздерін жарнамалап, шығармашылықтарын елге танытуға ұмтылып жүрген адамдарға мен дұрыс қараймын. Өйткені уақыттың талабы сондай. Бізде небір талантты адамдар бар. Өз өнерлерін насихаттауға жеткілікті түрде мән бере бермейді. Ел өзі танып алсын деген түсінікпен жүреді. Бұл, меніңше, дұрыс емес. Әрбір шығармашылық иесі өз атын танытуға, ең алдымен өзі мүдделі болуы керек.
Өнерге интеллектуалдық меншік ретінде қарайтын кез келді. Микки Маус пен тышқанның айырмашылығы – жарнамасында ғана» деуші еді. Пендешіліктен биік азамат еді, кейбіреулердің көре алмаушылықтан айтқан сыпсың сөздерін елемей «Е, оның да бақытты болғысы келеді дә»-деп қоя салатын. Мансап буына мастанып, мінезі өзгеретін шенеуніктерге қарата айтқан: «Креслоға отырған адаммен қайтадан танысу керек» деген ұтқыр сөздері бұл күнде афоризмге айналды.
«Атақ-даңқты сен қуаламасаң да, ол сені өзі-ақ табады, тек сөзің таза болсын» деп өткен ақынның өмірі– боямасыз болмыстың, таза таланттың және ұлтқа деген риясыз қызметтің мәңгілік өнегесі болып қала бермек.
Айта кетейік, Бекжан Төребекұлы Әшірбаев 1974 жылы дүниеге келген. Ақын-сазгер, жүрналист. Өзі білім алған әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ұстаз болып еңбек етті.
Ақпарат және Мәдениет саласының үздігі, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының, «Қазақ авторлары қоғамының» мүшесі, «Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері». «Құрмет» орденінің иегері. «Көршінің қызы», «Мақтаралым, мақпал әнім» секілді бірнеше танымал әндердің авторы. 2026 жылы тамыз айында 52-ге жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
